«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мол өнімге – берік негіз

Өңірімізде көктемгі егіс қарқын алды. Қызылжар ауданында дән себу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқан агроқұрылымдардың бірі – “Сервис-ЖАРС” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Шаруашылықтың Бескөл және Чапаев ауылдарының маңындағы егіс алқаптарында болып қайттық. Мақсат – іргелі шаруашылықтың жұмыс барысымен танысу. Жердің тоңы жібіп, топырақ бусана салысымен, егіске кіріскен ұжым минералды тыңайтқыштармен, пестицидтермен және жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіліпті. “Сервис-ЖАРС” серіктестігінің директоры Ғаббас Жантаевтың айтуынша, бұл жолы 11,8 мың гектар жердің 5800 гектарына дәнді дақыл сіңірілмек. Сондай-ақ, 1,3 гектарға рапс, 1,3 гектарға зығыр, 500 гектарға басқа да жемазықтық дақылдар егу жоспарланған.

– Синоптиктердің мамыр айы жаңбырлы болады деген болжамынан сескеніп едік, соңғы апталарда күн ашық. Бұл жауапты жұмысты кешіктірмей жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Осының арқасында біздің жұмысшылар бес күннің ішінде жоспарлы жұмыстың 40 пайызын орындап үлгерді. Ендігі кезекте екі ауысымдық режімге көшіп, мамыр айының соңына дейін қалған алқаптарға дән сіңіріп бітіруді көздеп отырмыз. Бұған біздің барлық мүмкіндігіміз бар, – дейді Ғаббас Қырымұлы. Негізінен құрғақшылыққа төзімді, өнімділігі жоғары сұрыптар сіңірілуде.

Диқандар “Нью Холланд” және “Бюллер” маркалы канадалық егіс кешендерінің күші­мен бидай мен зығыр дәнін себуде. Бұдан серіктестік техника паркін жаңарту мәселесіне ерекше басымдық беретінін байқауға болады. Сегіз “К-700” тракторы, бір “Нью Холланд”, бір “Бюллер” егіс кешені, “МТЗ-1221”, “Джон Дир” және “МТЗ-82” тракторлары, оннан астам “Claas”, “Sampo”, “Полесья”, “Есіл”, “Акрос” маркалы комбайн бар. Бұл комбайндардың ең ескісінің өзі осыдан бес жыл бұрын ғана сатып алынған.

Мол өнім алуды көздеген агроқұрылым соңғы жылдары ауыл шаруашылығын цифрландыру мәселесіне де көңіл бөлуде. Аталмыш серіктестік 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен “ақылды технологияларды” қолдану бойынша меморандумға қол қойған болатын. Бұл келісімнің нәтижесінде шаруашылықтың бірқатар алқаптарындағы топыраққа сараптама жұмыстары жүргізіліп, егістік алқаптарының электронды картасы жасалды. Нәтижесінде өнімділік те арта түскен. Тың әдістің арқасында диқан топырақтың жағдайы туралы алдын ала біліп отырады. Электронды бағдарламалардың арқасында минералды тыңайтқыштар тек қажет алқаптарға ғана себіледі.

Серіктестік тың технологиялардың арқасында жыл сайын жақсы өнім алуда. Былтыр дәнді дақылдар шығымдылығы әр гектардан 25 центнерден айналса, майлы дақылдардың гектар берекелігі 15 центнерді құрады. Шаруашылық биыл да мол өнім алудан үмітті.

Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Сәкеновтің айтуынша, аудандағы егістік алқаптың жалпы көлемі биыл 197,5 мың гектарды құраса, дәнді дақылдар 133,5 мың гектарға себілмек. Бүгінде 311 агроқұрылым жауапты науқанға кіріскен. Аудан диқандары 11 мың гектарға дәнді, 5 мың гектарға майлы дақыл сіңіріп үлгерсе, 300 гектарға картоп отырғызған.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: “Сервис-ЖАРС” ЖШС-нің қауырт шақта уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген механизаторы В.Цибуленко жұмыс үстінде.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp