Орал қаласында Қазақстан-Ресей арасындағы ХІІ Халықаралық аймақаралық ынтымақтастық форумы өтті. Дәстүрлі жиын «Кәсіби мамандықтар – экономкалық өсудің қозғаушы күші» тақырыбына арналды. Екі елдің Мемлекет басшылары форумның пленарлық сессиясына бейнебайланыс режімі арқылы қатысып, сөз сөйледі.
Алқалы басқосуда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко 2025-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды. Құжатта сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық және өзге де салалар қамтылған.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде Ресейдің Қазақстан үшін негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктес екенін атап өтті. Біздің облыс үшін де Ресей Федерациясы басты әріптес саналады. Өңіріміздің жалпы сыртқы сауда көлеміндегі көрші елдің үлесі 60 пайыздан асады. Соңғы бес жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей арасындағы тауар айналымы 1,6 есеге артып, 697 млн. АҚШ долларына жетті», – деді Ғауез Торсанұлы.
Ресейдің шекаралас аймақтары – Омбы, Қорған, Түмен облыстарымен ғана емес, сонымен қатар Татарстан Республикасымен де тығыз байланыс орнаған. Жергілікті кәсіпорындар ресейлік компаниялармен өнімдерін экспорттау, өндірісте қолданылатын шикізат, материалдар мен құрамдас бөлшектерді импорттау мәселелері бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.