АНА, САҒАН ҚАНДАЙ
СЫЙЛЫҚ БЕРЕЙІН?
Қандай ғажап, шуақты күн не деген!
Нұр саулайды ағыл-тегіл төбеден.
Нұр ішінде гүлге айналған бір өзі –
Жаным, Анам, бүгін сенің мерекең!
Құттықтайды жүгірген де, ұшқан да,
Күннің нұры жазираны құшқанда.
Жұпарымен жанды баурап жас талдар,
Қанатымен ән сыйлайды құстар да!
Бұлттардың да бар моншағы шашылып,
Кемпірқосақ көкжиекке асылып.
Ана, сені құттықтайды көк шөп те,
Табаныңа төселуге асығып.
Жаным, Анам, іздеріңнен ерейін,
Басқаныңнан бақыт тауып берейін.
Сенен артық байлығым жоқ жалғанда,
Ана, саған қандай сыйлық берейін?
СЕН – МЕНІҢ
ШУАҒЫМСЫҢ
Неге, неге сен күлсең күле берем?
Сезім еді, жаным ау, бұ не деген.
Күнді сүйіп өзіңе қарағанда,
Түннің қара пердесін түре берем.
Неге, неге жымисаң шалқып кетем?
Осы ма еді қара жер барқыт деген.
Мейірімді жанарың, мейірлі үнің,
Сенсің алты құрлықтан артық мекен.
Сенсің – менің шуағым, қуат-күшім,
Сарқылмайтын мөп-мөлдір бұлақпысың?
Бар мұңымды сен менің деміңменен,
Көкке ұшырып жіберер сияқтысың.
Жарқырайды сен жүрген жердің бәрі,
Ажарымды, аспанды көрдің бе әні?
Жапырақ сарғаймас та, қурамас та ед,
Сен сияқты болса егер ердің бәрі.
ЖҮРЕК СЫРЫ
Көшіп алғым келді сенің көзіңе,
Сезімдерім сыймаған соң өзіме.
Қоя салып алапат бір күй кештім,
Бұл басымды бір шоқ гүлдей төсіңе.
Сылқым дүние, сыңсыған түн, сынық күн,
Сылдыраған судай жүр-ау күліп кім?
Көңіліме күзін тартқан әлемді,
Құшағыңа оралғанда ұмыттым.
Кінәларын, күнәларын жалғанның,
Бұл өмірге қалыңдатып салған кім?
Бояй алмай қалған мені суретші,
Жүрегіңе тамшыдай боп тамған түн.
Мен жаныңда жақұттаймын, не керек,
Аппақ көңіл, өмір аппақ көбелек.
Бар әлемді қорғаймын мен сен бар деп,
Қанатымнан мөлдір өлең себелеп.
Бір күн келеді,
Бір күн келеді сезем мен.
Бір күн келеді,
Ол – менің күнім бөгелген.
Бір күн келеді,
Ақ жауын, аппақ нөсермен,
Көшелерменен кемпірқосақтар төселген.
Раушан гүлі бұлтпенен көкте қалықтап,
Жердің бетіне көктем түседі шарықтап.
Жапырақ-қыздар жап-жасыл көйлек киіп ап,
Құлпырады олар көктемнің бетін сүйіп ап.
Бір күн келеді,
Бір күн келеді сезем мен.
Бір күн келеді, ол – менің күнім бөгелген.
Гүлдерден нәр ап көбелек ғұмыр
кешем мен,
Құс-өлең төксе қауырсынымен төбемнен.
САҒЫНДЫМ ДЕШІ…
Жанымды ауыртты уақыттың
кемсеңдегені,
Топырақпенен бір уыс көмсең дегені.
Жанынан жалған дүниенің ұрлап ал дағы,
Сағындым деші күн сайын көрсең де мені.
Көздерім көрген аспан да, көл де мұң еді,
Көңілім менің көңіліңе шөлдеп жүр еді.
Ауыр ойларымменен ауырып жүрмін,
Сағындым деген сөзіңмен емдеші мені.
Сағындым деші, түсіңе енсем де бүгін,
Менімен бірге қырлардың терсең де гүлін.
Көлеңкең болып ерсем де, берсең де гүлді,
Жанардан жалын бейнемді көрсең де, күнім.
Құлазып отыр ескіріп, көңілім неге?
Мен күлген жоқпын, көзіңде, өміріңде де.
Мен сені кешірген едім көрмеген болып,
Өзгені сүйіп құлпырған ерініңді де.
Мұңайдым неге жабырқап
кеште бүгінгі?
Жылатып алған сезімді кешпей күнімді.
Мен сені кешірген едім естімеген боп,
Өзгеге айтқан әдемі естелігіңді.
Көз жасым ащы жанардың бұлағы
сынды,
Кімдер иеленіп алды екен қуанышымды?
Мен оны кешірген едім, жұбатшы, түнім,
Жалғызыңды, Жұлдыздай жылағышыңды.
Жұлдыз ІЛЕБАЕВА.
Тимирязев ауданы.