Бүгінде облысымызда 12-ден 18 жасқа дейінгі балаларға екпе егу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері №3 қалалық емханада “Covid-19”-ға қарсы екпе алды.
Вакциналау шарасы ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі. Тізім алдын ала жасалады. Өйткені бір ампула алты дозаға шақталған. Екпе егілмей тұрып әр бала сауалнамадан өтеді. Жасөспірімдер, жүкті және жас аналарды вакцинациялау науқаны басталғаннан бері 3-ші қалалық емхананың мамандары 174 адамға екпе қойып үлгерді. Оның он жетісі бала емізетін, үшеуі жүкті әйел болса, қалғаны жасөспірімдер.
– Екпе екпес бұрын біз алдымен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мектептерге барып ата-аналар жиналысын ұйымдастырамыз. Ата-аналар жазбаша келісімін берсе, балаларға вакцина қоямыз. Вакциналау мектептерде де жүргізіледі. Бригададағы екпе салатын мамандардың барлығы арнайы оқытудан өткен. Олардың барлығында екпе егуге рұқсат құжаты бар. Сонымен қатар екпені емханамыздың балалар корпусында да алуға болады. Егер екпе алған баланың дене қызуы көтерілсе, онда ол сабақтан босатылады. Біз оларға анықтама береміз, – деді №3 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Салтанат Төреқұлова.
Облыс орталығындағы №1 қалалық емханада №2 орта мектептің оқушылары да екпе салдырды.
– Емханамызға “Pfizer” вакцинасының 162 дозасы келді. Қазір 84 дозасы ғана қалды. Жүктілігіне он сегіз апта болған келіншектерге, емшекте баласы бар аналар мен 12-18 жас аралығындағы балаларға екпе алуға болады. Балаға екпе қоймас бұрын, алдымен, денсаулығын тексеріп алу қажет. Егер қарсы көрсеткіштер болса, вакцина қою кейінге шегеріледі, – деді №1 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Светлана Давыдова.
Бүгінде облыс бойынша 1005 бала “Pfizer” вакцинасының бірінші компонентін алды. Сондай-ақ бірқатар жүкті келіншек пен 300-ден астам емшекте сәбиі бар әйел вакцинацияланды.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.