«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЫҢНАН — ТҰЛПАР, ЖҮЗДЕН — ЖҮЙРІК

Оқушылар сарайында республикалық пәндер олимпиадасында өңіріміздің намысын абыроймен қорғап, олжамен оралған өрендер марапатталды.

Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша білім байқауы Ақтөбе қаласында өтсе, ал қоғамдық-гуманитарлық бағытты таңдаған өрендер Қызылорда қаласында сынға түсті. Облыстан барлығы жетпіс оқушы барса, жиырмасы жүлделі орындарға ие болды. Соның бесеуі – алтын, үшеуі – күміс және он екісі қола жүлдегер атанды.
Бәсекеде жүзден оза шауып, бірінші орынды жеңіп алған ұл-қыздарға жүлделерін облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова табыстады. Олардың қатарында дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” интернат-лицейінің оқушысы Кристина Тонкоштан, әл-Фараби мектеп-лицейінің шәкірті Дарина Рахметжанова, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “Білім-инновация” мектеп-лицейінің өрені Дарина Сексембаева орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен білімдерін ортаға салса, “БЭСТ” гимназиясының оқушылары Айша Сәлікова мен Лолита Джокиладзе ағылшын тілі бойынша сайысқа түскен еді.
Гүлмира Райынбекқызының айтуынша, өткен жылы осы олимпиадаға өңірімізден 71 оқушы қатысып, 17-сі жүлделі оралған еді. Бұл жолы да білімді өрендер алдарына нақты мақсат қойып, соған жету жолында тынбай еңбектеніп, үздік нәтиже көрсете білген. Оқушылардың республика бойынша жалпыкомандалық есепте екінші орынды жеңіп алғаны – үлкен мақтаныш. Салтанатты шара барысында жеңімпаздар оқитын мектептің басшылары, білім бәйгесіне дайындаған ұстаздары да марапатталды.
Олимпиада биыл алғаш рет онлайн-режімде көрсетілді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp