
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда тек қана Алла тағалаға құлшылық етіп, оның разылығын көздеген салиқалы пенделер сағына күтіп жүрген Қадір түні биыл шілденің 1-інен 2-сіне қараған түнге тұспа-тұс келіп отыр. Бұл түн – Рамазан түндерінің ішіндегі ең қадірлісі. Қасиетті кешті ғибадатпен өткізген адамның сауабы да үстемеленіп, жақсылығы да еселене түсетіндіктен, Қадір түнінің берекесі мен ерекшелігін тізіп шығудың өзі қиын. Осы орайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: “Кімде-кім түнде иманмен Алланың разылығынан үміт етіп намаз оқитын болса, оның бұрынғы күнәларының барлығы кешіріледі”, – деген.
Асыл уақытта адамдардың сырын да, шынын да білетін бір Алла олардың бір жылғы тағдырын да, ризығын да белгілейтін болады. Және де жақсы мен жаманның, өмір мен өлімнің арасы ажыратылып, бәрі де осы түнде айқындалады. Әрине, тағдыр өлшемі бекітілетін мұндай сәтте әр адам бұл дүниеде тура жолдан таймау, ал ақиретте бақытқа бөлену үшін барынша көбірек амал жасауға ұмтылса, құба-құп. Қадір түнгі құлшылық мың айға татитынын неге айтпасқа, неге білмеске?! Ол жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Рамазан айы кірді. Бұл айда мың айдан да қадірлі түн бар”, – деген екен. Есептесек, мың ай дегеніміз – 83 жыл 4 ай. Бұл уақыттағы құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең деген сөз.
Көктегі қисапсыз көп періштелер жерге түсетін және ауыздан шыққан дұға қабыл балатын Қадір түні, шынында да, таңғажайып! Алла тағала: “Сол түні Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер мен Жәбірейіл (ғ.с.) түседі”, – деген (“Қадір” сүресі, 4-аят). Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса, өз хадисінде былай деген: “Қадір түні Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түніне сәйкес келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі ұсақ тастардан да көп болады”.
Таңғажайып Қадір түнінің бұдан басқа да артықшылығы аз емес. Мәселен, Алла тағаланың мейірімі молынан төгіліп, тәубе қылғандардікі қабыл болады. Таң атқанша тыныштық орнайтын сәтте Жаратушы иемізге шынайы жалбарынып, ғафу өтінуші пенденің бар күнәсі кешіріледі. Сөйтіп, жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік туатыны қандай ғанибет?! Мұның бәрін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі растайды: “Бұл түнде Алла тағала кез келген тәубе етушінің жасаған тәубесін қабыл алады. Күн батқаннан таң атқанға дейін аспан есіктері айқара ашылады”.
Бұл кеште ғибадат етуді барынша арттырған абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: “Бұл түні шайтан таң атқанға дейін адамдарды жамандыққа сүйреуге шыға алмайды. Тіпті, ешкімге кесірін тигізіп, жамандық жасай алмайды. Сиқыршының да сиқыры іске аспай қалады”, – деген болатын. Ал қасиетті Құранда: “Ол түні таң атқанға дейін тыныштық-амандық болады”, – делінген (“Қадір” сүресі, 5-аят). Құран, намаз оқып, Жаратушыға зікір етіп, уағыз-насихат тыңдап, уақытты тәубемен өткізуге тиіспіз. Дін жолына жаңадан түскендерге құлшылықтың қажеттілігін түсіндіру артық болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиет еткеніндей: “Алла, Сен өте кешірімді жомартсың, кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре гөр”, – деген дұғаны Қадір түнінде айту – парыз.
Алла тағала әлсіз етіп жаратқан адам баласы жалған дүниенің жылтырағына, нәпсіге тез берілгіш, соның салдарынан шайтанның қақпанына оңай түсіп қалады. Сондықтан да Жаратқан иеміз адам баласына құлшылығын арттырсын деп Қадір түнін сыйға тартқан. Оны мың айдан да қайырлы етіп бергені де сондықтан. Осындай теңдессіз түнде өзіміз, отбасымыз және адамзат үшін дұға етуіміз керек. Баршаңызды Қадір түнімен құттықтап, осы түннің татулыққа, бақытқа және шаттыққа дәнекер болуын Алла тағаладан сұраймыз.
Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,
“Қызылжар”орталық
мешітінің бас имамы.