Халықаралық ана тілі күніне орай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы, тілдерді дамыту және білім басқармалары бірлесіп Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде “Мың бала” мәдени-ағарту жобасының ашылу салтанатын өткізді.
2015-2016 оқу жылында өткізілген жоба аясында 20 мыңнан астам шара ұйымдастырылып, оған 600-ден астам жас қатысты. Ол шаралар қазақстандық патриотизмді, қоғамдық-рухани құндылықтарды, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған.
– Шаралар қазақ тілін оқытудың авторлық курстары, шешендік шеберлікті дамыту, ұлттық және спорттық ойындар өткізу, викториналар мен конкурстар, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастыру сияқты әртүрлі бағытты қамтыды. Нәтижесінде 109453 бала мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде меңгерді. Биыл осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деді жобаның ашылуына қатысушыларды құттықтаған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов.
“Мың бала” республикалық мәдени-ағарту жобасы түрлі жастардағы этникалық топтардың мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңіруіне мүмкіндік жасауды көздейді. Жоба аясында барлық қатысушылар мәдени және тілдік ортаға толығымен ұйымдасуына жағдай жасалып, мемлекеттік тілде фильмдер мен мультфильмдер көреді, шығармашылық жобалар қорғап, театрландырылған қойылымдар көрсетеді, конкурстар мен сайыстарға қатысады.
“Мың бала” жобасының жеңімпазы Галина Жукова осы бағдарламаның көмегімен жаңа сөздерді үйреніп, ел тарихы мен мәдениетін тереңдете білуге тырысқанын айтады. Биыл ол қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсуді жоспарлап жүр екен. Өйткені, ол болашақ қазақ тілінде екеніне сенімді.
“Мың бала – 2016” республикалық жобасы 5 бағыт бойынша өткізіледі. Алашорданың 100 жылдығына арналған шығармалар сайысы, “ЭКСПО”-ға байланысты роликтер түсіріледі. Жыл соңына дейін викториналар ұйымдастырылады, – деді “Қоғамдық келісім” мекемесінің жетекші сарапшысы Динара Елеуова.
Қараша айына дейін жүзеге асырылатын жобаның ашылу салтанатына орай №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушылары концерт қойды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.