
Кезінде би өнерінің құдіреті туралы ғұлама Аристотель: “Адамдардың мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі, себебі, би қимылдары әдетте сезім күйіне сәйкес келеді”, – деп айтқан екен. Шынында да, би өнерінде тылсым сыр барын ұғынған тайыншалық Айымгүл Нықышеваның қимыл-қозғалысынан-ақ өнерге құштарлықты аңғарамыз.
Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде білім алған өнерпаз бүгінде Тайынша ауданындағы өнер мектебіндегі “Шабыт” би тобына жетекшілік етеді. Жас та болса тәжірибесі мол ұстаздан тәлім алған шәкірттердің алған белесі аз емес. Олар аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық өнер сайыстарынан әр кез жүлдемен оралады. “Алые паруса”, “Би шашу”, “Би бала”, “Шаг вперед”, “Территория танца”, “Биші қайың” сынды айтулы додаларда жеңіске жеткен жерлестеріміздің жетістігі бір төбе. Жақында Қарағанды қаласында өткен республикалық байқауда ұжым үшінші орынға қол жеткізді. Бұл да ерен еңбектің жемісі болып табылады.
Өзінің білгенін өзгеге үйретумен қатар, біліктілігін арттырып, үнемі шығармашылығын шыңдап отыратын жас өнерпаздың талабы зор. Бастысы, алға қойған арман-мақсаты көп. Би өнеріне қызығушылығы бар жастарға хореографияның қыр-сырын үйретуде. Өнер десе ішер асын жерге қоятын жас дарын әр жобаға үлкен жауапкершілікпен, тың ізденіспен кіріседі. Оның әр күні қарбаласқа толы. Тыным таппай жұмыс істеп, жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектерді өнерге баулып жүрген Айымгүл өз тағдырына дән риза екенін жеткізді.
“Шабыт” би тобының құрамында әртүрлі жастағы балалар өнер көрсетеді. Бір үйдің баласындай бірлігі жарасқан ұжымның басын қосқан Айымгүл халықтық, классикалық, заманауи билерді кеңінен насихаттауда. Бүгінде топтың қоржынында жиырмадан астам шығарма бар. Ал жыл сайын жаңа туындыларды үйреніп, би әлемінің биігін бағындыруға ұмтылған өнерпаз әр көрерменнің көңілінен шығуға тырысады. Тәуелсіздіктің құрдасы, кәсіби маман Айымгүл Нықышеваның бұдан да зор табыстарға қол жеткізетініне сенім зор.
Гүл НҰРАЛИНА.