«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МІНДЕТТЕР ЖҮГІ АУЫР

Өткен аптада облыс орталығында Қазақстан – Ресей ынтымақтастығының XV өңіраралық форумы өткені белгілі. Кеше облыс әкімдігінің кезекті отырысында осы форумның қорытындылары сөз болды. Отырысқа басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, тікелей байланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.

– Айтулы оқиға – Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының ХV өңіраралық форумы сәтті аяқталды. Біз бұл халықаралық жиынға бірнеше жыл дайындалған болатынбыз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысқан шараға екі елдің 38 өңірінен 800ден астам делегат келді. Ал ресми сайтқа тіркелген меймандар саны 2,5 мыңнан асты. Форум аясында ұйымдастырылған туризмді дамыту тақырыбындағы көрмелерді он мыңнан астам адам тамашалады, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов халықаралық жиын барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын бірнеше келісімдерге қол қойылғанын, шекара бекеттерінде туристердің өтуіне қолайлы жағдайлар жасау бағытында жұмыстар жүргізілетінін тілге тиек етті.

Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов Қазақстан – Ресей ынтымақтастығының ХV өңіраралық форумына дайындық барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Бұл халықаралық жиынға дайындық барысында облыс орталығында бекітілген жоспарға сәйкес ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде Петропавл қаласында ұзындығы 53,8 шақырым болатын 37 көшеге асфальт төселді, 36 бағдаршам, 137 жаңа жол белгілері орнатылды, 126,5 мың шаршы метр жерге гүл егілді. Цифрландыру бағдарламасы аясында үш мыңнан астам энергия үнемдейтін шам орнатылды, ол бюджет қаржысын елу пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді Марат Иманбайұлы.

Қаланың кіреберісіне ақын, батыр, қолбасшы Қожаберген жыраудың ескерткіші қойылды. Өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдары салынған алты жүзден астам ескі үй сырылып, оның орнына “Жас Өркен” шағынауданында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оқушылар сарайы мен теннис орталығы бой көтерді, осы нысандарда форумның негізгі іс-шаралары өткізілді. Оқушылар сарайы Қазақстан аумағында бірегей және осызаманғы ІТ-орталық болып саналады, ол соңғы әлемдік трендтер үлгісінде жабдықталған. Жаңа орталықта бір мезгілде 1800 оқушы өздерінің сүйікті істерімен айналыса алады. Онда робототехника, мехатроника, 3Д-прототиптеу негіздеріне АҚШ, Германия, Италия елдерінен жеткізіліп, жабдықталған кабинеттерде келушілер дәріс алатын болады. Қазір бір мың пәтерлік төрт көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы бірнеше мектеп пайдалануға берілмек.

Облыс орталығын абаттандыру және көгалдандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қысқа мерзімде шаһардың орталық көшелеріндегі 65 көпқабатты үйдің қасбеттері әрленді. Көгалдандыру шеңберінде бес жарым мың ағаш көшеті егіліп, 30,4 мың шаршы метр жерге көгал төселді.

Форумға дайындық шеңберінде бірнеше мейманхана пайдалануға берілді, басқа қонақүйлер, мейрамханалар, сауда орындары күрделі жөндеуден өтті. Осы жұмыстар облыс орталығында шағын және орта бизнестің дамуына серпін берді.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев форум аясында облыс жұртшылығымен кездесу барысында атқарылған жұмыстарға өзінің оң бағасын берді және жергілікті билік органдарына бірқатар тапсырмалар жүктеді, – деді Құмар Іргебайұлы. – Біз бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да қарқынын бәсеңдетпей жалғастыруымыз керек. Елбасының тапсырмасымен облысымызды дамытудың кешенді жоспарына сәйкес алдағы үш жылға өңірімізге республикалық бюджеттен 140 млрд. теңге (жеке инвестицияларды есептемегенде) қаржы бөлінген. Ол ауылдарда 3000 тұрғын үй салуға, 700 шақырым жолды жөндеуге, 94 елді мекенді ауызсумен жабдықтауға, 120 мектепті күрделі жөндеуге, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жаңа корпусы мен аурухана ғимаратын салуға және т.б. мақсаттарға жұмсалмақ. Шалқар-Имантау курортты аймағы жеке жоспар бойынша дамитын болады. Өңір басшысы форумның табысты өтуіне өз үлестерін қосқандарға алғысын білдірді.

Әкімдік отырысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров биылғы егін орағының қорытындысына тоқталды. Оның айтуынша, облыс аумағындағы 2,8 млн. гектар алқаптағы дәнді дақыл толық жинап алынған. Гектар берекелігі 18,7 центнерден айналып, 5,2 млн. тонна астық алынды. Биыл 587,9 мың тонна картоп, 110 мың тонна көкөніс жиналған. Келесі жылдың қамына кіріскен диқандар 519,5 мың тонна тұқым құйып алған, қазір олардың сапасы тексерілуде. Облысымыздағы агроқұрылымдардың машина-трактор паркін жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” акционерлік қоғамы 5 қарашадан биылғы астықты сатып алу науқанын бастады. Бидайдың әр тоннасының бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.

– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген жоспарлы жұмыстар, егістік алқаптарын әртараптандыру өз жемісін беруде. Биыл облыс диқандары мол өнімге қол жеткізді. Ауылдықтардың еңбек өнімділігі артып, олардың табыстары өсті. Жамбыл, Қызылжар, Аққайың аудандарындағы бірқатар агроқұрылымдар гектарынан 30 центнерден өнім алған. Алайда, Айыртау, Тайынша, Шал ақын аудандарындағы астық шығымдылығы сын көтермейді. Барлық аудан әкімдері мұндай агроқұрылымдардың жұмысын қатаң бақылауға алуы тиіс, – деді аппараттық отырысты қорытындылаған өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp