

Кеше “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының кезектен тыс отызыншы конференциясы өтті. Өңір басшысы, партия филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов төрағалық еткен алқалы жиынға облыстық ведомстволардың басшылары, аудандар мен облыс орталығындағы бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар қатысты.
Алқалы жиында Құмар Ақсақалов “Nur Otan” партиясының төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың XVIII съезде алға қойған халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттердің орындалу барысы жайлы баяндады.
– Әлеуметтік саланы дамыту үшін экономиканың өсімін қамтамасыз ету керек. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыста барлық салалар бойынша даму байқалады. Сондай-ақ, қысқамерзімді экономикалық индикатор 106,2 пайызды құрайды. Ал республика бойынша орта көрсеткіш – 104,2 пайыз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарында айтарлықтай өсім бар, – деген Құмар Іргебайұлы бұл республикалық көрсеткіштермен салыстырғанда біршама жоғары екенін атап көрсетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев съезде “Халыққа көмек”, “Бақытты отбасы”, “Ауыл – ел бесігі”, “Құтты мекен” ұлттық жобаларын жүзеге асыруды тапсырған болатын. “Халыққа көмек” жобасы партияның қоғамдық қабылдауын жетілдіруге бағытталған. Құмар Іргебайұлының айтуынша, облыста әр азамат әлеуметтік жәрдемақы тағайындаудан бастап, құқықтық көмекке дейін кез келген мәселе бойынша жүгіне алатын 15 әлеуметтік терезе жұмыс істейді. Жоба қолға алынғаннан бастап әлеуметтік терезеге 116 аз қамтылған тұрғын жүгінген. Өңір басшысы қабылдауды жетілдіру керектігін айтты. Яғни, өтініш жолданған мемлекеттік орган, оған жауапты адам, орындалу уақыты, тағы басқа ақпараттардан хабардар болуы тиіс. Бұл талап мемлекеттік органдарға азаматтардың өтінішін орындауда жауапкершілікті арттырып, жедел шара қабылдауға әсер ететіні сөзсіз.
– “Бақытты отбасы” – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды жан-жақты қолдауға бағытталған жоба. Облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 3225-ке дейін жеткен. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылар үшін әр балаға берілетін айлық төлем алты есе артпақ, – деген Құмар Ақсақалов “Ауыл – ел бесігі”, “Құтты мекен” жобаларын жүзеге асыру жайына да тоқталды. Бұл жобалардың аясында инклюзивті білім беруді дамыту, оқу орындарын салу, жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды дамыту, тағы басқа бағыттарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Алқалы жиында 23 сәуір күні Астана қаласында өтетін “Nur Otan” партиясының ХІХ съезіне делегаттар сайланды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.