Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Мағжан Жұмабаев ауданы мәслихатының кезектен тыс сессиясында аудан әкімі қызметіне Асқар Бегмановтың кандидатурасын ұсынды.
Асқар Бегманов еңбек жолын 1997 жылы Алматы қаласындағы Түрксиб ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Екі жыл біздің облыстағы Есіл ауданында әкім болып істеді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі ұйымдық жұмыстар және әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы, Қазақстан Республикасы Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және ұйымдық-аумақтық жұмыстар бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болып істеген. Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары болды.
– Асқар Әбдуғалиұлында қажетті кәсіптік білім бар. Өңірлік, сондай-ақ, орталық мемлекеттік басқару органдарында практикалық іс-тәжірибе жинақтаған, – деп атап көрсетті облыс әкімі. Халық қалаулылары оның кандидатурасын бірауыздан қолдап, келісімдерін берді. Одан кейін өңір басшысы тиісті өкімге қол қойды.
Аудан активімен болған жиналыста Ерік Сұлтанов ауданның жаңа тағайындалған әкімінің алдына Мемлекет басшысы ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асыруға қатысты бірқатар міндеттер қойды. Облыс әкімі, сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға баса назар аудару қажеттігін атап көрсетті.
– Аудан диқандары қолайлы мерзімде көктемгі егіс жұмыстарын аяқтап шығуы тиіс. Мал шаруашылығы салаларын дамыту жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуы керек. Өңдеу саласында кем дегенде үш жаңа жоба жасалуы қажет, – деді Ерік Хамзаұлы.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.