«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МІНДЕТТЕР МІНСІЗ АТҚАРЫЛУЫ ТИІС

Елімізде мемлекеттік қызметті дамыту мен оны одан әрі жетілдіру бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда. Елбасының 2014 жылғы 6 тамыздағы Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі құрылып, жаңа ведомство қоғамдық дертпен күрес және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру ісіне білек түріп кірісті. Бұл бағыттағы жұмыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегия аясында күшейтіле түсті.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2014 жылдың 26 желтоқсанында бектілген стратегияға сәйкес бұдан былай сыбайлас жемқорлықпен күрес амалдары түбегейлі өзгертілмек. Жемқорлыққа қарсы жаңа идеологияда мемлекеттік органдардағы кадрлық саясаттың меритократиялық принциптерін енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларын жүзеге асыру қарастырылып отыр. Ал меритократияның принциптерін орындау арқылы лайықты кадрларды іріктеу, олардың кәсіби және мансаптық ілгері басушылығы қамтамасыз етілмек. Аталған принцип мемлекеттік қызметшілердің еңбегінің әділ бағалануына, сонымен қатар халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға бағытталған. Яғни, жаңа мемлекеттік орган алдында жемқорлықтың салдарын анықтап, кінәлілерді жазалап қана қоймай, оның орын алу себебін анықтау мәселесіне ерекше ден қою міндеті тұр. Агенттіктің облыстардағы департаменттерінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау, талдау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бөлімдерінің ашылуы да қылмыстың алдын алуға ықпал етері сөзсіз.  

Қоғамның жегі құрт іспеттес болып отырған жемқорлықты жоюға жаппай жұмылғанда ғана оң нәтиже болады. Сол себепті бүгінде азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында барлық оқу орындарын, мемлекеттік органдарды, жалпы азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту курстарымен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты факторы тиімді кадрлық саясат пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл болып табылады. Мемлекет басшысы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында кадрлар жаңа экономикалық реформалардың локомотиві деп атап көрсеткен болатын.

Бүгінгі таңда облысымызда тіркелген 532 мемлекеттік органда 5 мыңға жуық маман еңбек етуде. Былтырғы жылы өңірімізде 319 конкурс өтіп, “Б” корпусындағы бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға ниетті 1329 үміткер қатысқан болатын. Ал жалпы тестілеуден өткен 2141 адамның 884-і сыннан сүрінбеді.

Конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету де жыл сайын жетілдіріле түсуде. Конкурс комиссиясының отырыстарында Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақылаушы ретінде қатыса алады.

Заңдарды білу деңгейін тексеретін тестілеуді өту рәсімі біршама жеңілдегенін атап өткен жөн. Енді тестілеуден өту үшін конкурстың жариялануын күтудің қажеті жоқ. Тестілеуге өтінішті “Электрондық үкімет” порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну арқылы беруге болады. Тестілеудің өзін кез келген уақытта тапсыруға мүмкіндік бар. Ал оның қорытындысы бойынша берілген сертификат бір жылға дейін жарамды.

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында олар Мемлекеттік басқару академиясында, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілікті арттырудың өңірлік орталықтарында, салалық оқыту мекемелерінде оқытылады. Өткен жылы 2050 адам осындай оқыту курстарында өз біліктіліктерін шыңдады.

Бүгінде мемлекеттік қызметтің кадрлық резервінде 118 адам тұр. Өткен жылы мемлекеттік қызмет саласында қызмет ету үшін резервке енгізілген 245 адамның 133-і жұмысқа орналасты. Олардың бірі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының, екеуі – “Болашақ” бағдарламасының түлектері.

Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстанның мемлекеттік қызметіндегі реформа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар халықаралық қауымдастықтардың жоғары бағасына ие болып отыр. Десек те, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда жұмыстың тиімділігін арттыру үшін құзыретті органның ғана емес, сонымен қатар барлық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдардың үлесі, қоғамдық дертпен күресте әрбір қазақстандықтың белсенді азаматтық ұстанымы қажет.

Светлана ЗАЙЦЕВА,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp