Мемлекет басшысы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу және жекеменшік медицинаны дамыту, денсаулық сақтау мекемелерін корпоративтік басқаруға беру міндетін жүктеген еді. Осы әлеуметтік көмектің атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру жөніндегі тапсырмалардың орындалуы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында сөз болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Рашида Иванова, әлеуметтік бағдарламаларды және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Қошманов осы бағытта атқарылатын жұмыстарды баяндады.
– Мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту көзделіп отыр. Сондықтан 2019 жылдан жұмыс істейтін тұрғындар кірістерінің 1 пайызын, ал 2020 жылдан 2 пайызын міндетті медициналық сақтандыруға аударатын болады, – деді Рашида Құрманбайқызы.
Ал жұмыс берушілер үшін бұл төлемдер 2017 жылдан басталады да әрі қарай кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Мұндай қадам тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік беріп, жауапкершілігін күшейтеді. Сондай-ақ, міндетті медициналық сақтандыруға төленетін жарна еліміздің Салық кодексімен реттелетін болады. Медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакетіне – амбулаторияішілік-емханалық, стационарлық және стационарлық көмекті алмастыратын, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық оңалту, паллиативтік, мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмек түрлері кіреді. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамалық құжатқа сәйкес азаматтарға медициналық қызметтің бірнеше түрі ұсынылатын болады.
– Ел қазынасынан қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемі Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Атап айтар болсақ, оған “Жедел жәрдем” қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды аурулар, сондай-ақ, шұғыл жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері жатады. Ұлт жоспарының 82-қадамында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қасынан медициналық қызмет сапасы жөніндегі бірлескен комиссия құру жөнінде айтылған. Бұл медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізу, яғни емдеу хаттамалары, кадрлар әзірлеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сапаны және қолжетімділікті бақылау үшін қажет, – деді Рашида Иванова.
Облыстық әлеуметтік бағдарламаларды және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Қошманов атап өткендей, алдағы уақытта әлеуметтік көмек оған зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Сондай-ақ, ол әлеуметтік қамтудың тиімділігін арттыру мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгелі отырған еліміздің “Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы” заңындағы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.