«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МІНДЕТ – АЙҚЫН, МАҚСАТ – ЗОР

Қазақстан халқына арнаған кезекті “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел дамуының басты басымдықтарын айқындап берді. Елбасы атап көрсеткен Жаңа Экономикалық Саясатта әдеттегідей әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсарту, бизнеске, банктерге қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын, білім саласын дамыту және мемлекеттің инвестициялық мүмкіндігін жақсарту көзделген.

Аудан азаматтарының игілігін молайту басты басымдықтарының бірі ауыл шаруашылығын дамыту болып табылады, оның жетекші бір саласы – мал шаруашылығы.

Осы бағытта тек 2014 жылы ғана 37 агроқұрылым жалпы сомасы 98 млн. теңгенің мемлекеттік қолдауына қол жеткізіп, 800 бас ірі қара, 70 бас жылқы, 140 бас шошқа сатып алды.

Етті мал басының генетикалық әлеуетін көтеру үшін ауданда “Мәмбетов және К” КС және “Белое Агро” ЖШС базасында 2 асылтұқымды репродуктор шаруашылық жұмыс істейді, үстіміздегі жылы “Житница” ЖШС базасында 104 басқа арналған асылтұқымды репродуктор шаруашылық құру жоспарланып отыр.

Бүгін біздің алдымызда түбегейлі жаңа, жоғары міндеттер тұр. Ең алдымен, қолда бар егістік алқаптарын көбейту, саланы қайта жарақтандырудың техникалық және технологиялық қарқынын сақтау қажет.

Мал шаруашылығында өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, малдың генетикалық әлеуетін арттыруға және осы негізде сапалы мал өнімімен ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, сонымен қатар оның экспорттық әлеуетін кеңейтуге баса назар аударылады.

Шаруашылықтарда 8 тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру, қолданыстағы фермалардың қуатын арттыру және жаңғырту жүргізу, сонымен қатар 600 басқа арналған сүт кешенін құру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту, іскер адамдарды қолдау үшін қолайлы жағдай жасалған, осының барлығына мемлекеттік қаржылық қолдау мүмкіндік жасап отыр.

“Бизнестің жол картасы – 2020″ бағдарламасы бойынша 2014 жылы бес кәсіпкерге жалпы сомасы 40 миллион теңгенің мемлекеттік қолдауы көрсетілді. Белое ауылының тұрғыны Дмитрий Бирюков қоян фермасын ашуға сомасы 3 млн. теңгенің өтеусіз грантын алды.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Герман Мазур басқаратын “Кахалонг KZ” ЖШС биыл Мамлютка қаласында жемазық және май зауыттарын салуды қолға алды. Жобаның құны – 607,2 млн. теңге. Жемазық зауыты бір жылда 18 мың тонна жоғары белокты өнім, ал май зауыты 1800 тонна тамақтық өсімдік майын, 700 тонна техникалық өсімдік майын өндірмек. Жобаның бірінші кезегі биыл іске қосылады. Өндіріс толық қуатымен жұмыс істегенде онда 51 адам еңбек ететін болады.

Стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда жас ұрпақ маңызды рөл атқарады. Президент идеологиялық сипаттағы мәселелерге, патриоттық тәрбиеге және сапалы білімге тектен-текке ерекше назар аударып отырған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы: “Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әр кез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! “Нұрлы жол”, міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!” – деп атап айтты.

“Дипломмен – ауылға!” және “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламалары жастар үшін ерекше қолдау болды. Аталмыш жобалар аясында 2014 жылы ауданға 29 жас маман келді, олардың 10-ына сомасы 1,3 млн. теңгенің біржолғы жәрдемақысы, 5-еуіне тұрғын үй сатып алуға сомасы 10,4 млн. теңгенің бюджеттік несиелері берілді, 32 адам жастар тәжірибесіне жіберілді.

Көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту азаматтардың игілігін жақсартудың бөлінбес бөлігі болып табылады.

2014 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізу және ұстау бойынша сомасы 160 млн. теңгенің жұмыстары орындалды. Облыстық маңызы бар жолдарға сомасы 263,6 млн. теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар “Воскресеновка-Боголюбово-Надежка” автомобиль жолын ағымдағы жөндеуге 112 млн. теңге жұмсалды.

Үстіміздегі жылы “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында 5 ауылда көшелерді жарықтандыру, 4 ауылда балалардың ойын алаңдарын орнату, 6 елді мекенде ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланған.

Азаматтардың жақсы тұрмысын сапалы және қолжетімді білімсіз қалыптастыру мүмкін емес. Елбасы 2014 жылғы 11 қарашадағы Жолдауында: “Ең алдымен апатты мектептердің проблемасын шешу, екіншіден, үш ауысымда оқуды жою, үшіншіден, мектепке дейінгі білімге көп көңіл бөлу қажет”, – деді. Білім нысандарының апатты жағдайы мәселесін шешу үшін Мамлютка қаласының жұмысшылар кентінде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 300 орындық мектептің құрылысы басталды, өткен жылы Калугино орталау мектебінің қазандығын негізгі ғимараттан бөлек шығаруға сомасы 14 млн. теңгенің қаржысы жұмсалды. Үстіміздегі жылы Мамлютка қаласындағы “Ақ бота” балабақшасының шатырын күрделі жөндеуден өткізуге 6,3 млн. теңге бөлінді. Соңғы үш жылда шағын орталықтар ашу балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтуға мүмкіндік берді.

Сапалы білім алу үшін білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп көңіл бөлінеді. Жалпы білім беретін мектептер жаңа нұсқадағы кабинеттермен және компьютерлермен жабдықталған, “e-learning” электрондық оқыту жүйесін енгізу жобасы жүзеге асырылуда. Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2014 жылы 13,7 млн. теңге бөлінді, үстіміздегі жылы осы жұмыс 6,5 млн. теңгеге жалғастырылады.

Қазақстанды әлемнің дамыған елдері қатарына енгізудің басым бағыттарының бірі – халықтың ең әлжуаз топтарын қорғайтын жаңа әлеуметтік саясат. 2014 жылы ауданда аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында 530 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, әлеуметтік жұмыс орындарына 12 адам орналастырылды, 212 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға тартылды, 32 жұмыссыз кәсіптік оқудан және қайта даярлаудан өтті.

Мемлекет басшысы Жолдауда Жаңа Экономикалық Саясатты өмірде табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдай жасалғандығына ерекше назар аударды. Ал алға қойылған міндеттерді шешу өңірді және тұтастай алғанда елді көркейту игілігі үшін жұмыс істейтін әр басшының дербес жауапкершілігіне байланысты. Біз үйлесімді, тиімді жұмыс істеп, бөлінген қаражатты орынды пайдалануға тиіспіз. Сонда ғана алға қойған мақсатқа қол жеткіземіз.

Ерболат БЕКШЕНОВ,

Мамлют ауданының

әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp