Облыс әкімі, “Nur Otan” партиясы өңірлік филиалының төрағасы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен фракция отырысы өтті. Халық қалаулылары қатысқан жиында 2016-2020 жылдарға арналған өңірімізді дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Осыдан төрт жыл бұрын облыстық мәслихаттың шешімімен қабылданған бағдарлама алты бағытты қамтиды. Осы күнге дейін атқарылған жұмыстарды баяндаған облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев өткен жылы жоспарланған шараларды жүзеге асыру үшін 162,6 млрд. теңге қаржы жұмсалғанын тілге тиек етті. Соңғы үш жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 6,9 пайызға артып, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі 710,5 мың теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемінде тұрақты өсім байқалып отыр. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 45 пайызға артқан. Былтыр 218 мың шаршы метр тұрғын үй берілген, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге көп. Соңғы үш жылда облыстық және аудандық маңыздағы жолдар жөнделуде.
Ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен қамту үшін Есіл, Тайынша, Айыртау, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда сумен қамту нысандарының құрылысы жүргізілді. Өңірімізде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен толық қамтылса, тұрғындарды еңбекке тарту үшін жыл сайын 12 мың жаңа жұмыс орны ашылуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздар саны азаюда. Егер 2015 жылы өңірімізде жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраса, былтыр ол 4,9 пайызға дейін төмендеген.
Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жетекшісі Юрий Белоног мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы қатаң бақылауға алынғанын және өңірімізді дамытуда жоспарлы жұмыстардың жүзеге асырылып жатқанын айтты.
– Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша аграрлық саладағы жалпы өнімнің көлемі 530-540 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұған біз әртараптандырудың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Кейбiр диқандар бұл жұмыстармен айналысуға ниет танытпай отыр. Осы орайда депутаттық фракция бұл мәселені сырттан бақыламай, белсенді араласуы керек, – деген өңір басшысы Құмар Ақсақалов жыл сайын жиналатын 3 млн. тонна бидайдың жартысынан астамы сыртқа шикізат күйінде жөнелтіліп жатқанын айтып өтті.
Биыл өңірімізде 700 шақырым жол жөнделсе, алдағы уақытта Петропавл қаласынан аудан орталықтарына және кейбiр ауылдарға қатынайтын жолдар қалпына келтіріледі. Бұл орайда болашағы бар ауылдарға басымдық берілетін болады. Мәселен, биыл Саумалкөл ауылында 17 көше жөнделсе, келесi жылы Қызылжар ауданының орталығында да осындай жұмыстар қолға алынады. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов депутаттарға бұл жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар 2021-2025 жылдарға арналған облыс аумағын дамыту бағдарламасы әзірленетін болады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.