Кеше Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында кеңестің міндеттері мен атқаратын қызметі, әдеп нормалары және мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық ережелерін жетілдіру бойынша өткізілетін шаралар туралы айтылды.
Кеңестің құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік органдардың өкілдері кірген. Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың алдын алу. Отырыс барысында аталмыш кеңестің үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітілді. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев кеңес мүшелері аудандарда қоғамдық қабылдау өткізулері қажет деген ұсыныс айтты.
Облыс әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Юрий Наумочкин өзі атқаратын міндеттерді баяндады. Ол қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұрмалаушылықтарының алдын алу қызметін жүзеге асырады. Сондай-ақ, өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация береді.
Ал департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Нұрлан Жахин жыл басында қолданысқа енген “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” Заңда “сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг”, “сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу”, “сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру” сынды жаңа ұғымдардың бар екенін атап өтті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.