
Бүгінгі күні сот жүйесі адам құқықтары мен бостандығын сақтауда ықпалды күшке айналды. Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан әділ сот орнату ісіне талап күшейтіліп, соның нәтижесінде тұрғындардың судьяларға, жалпы сот саласына деген сенімі артты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында қоғамның соттарға деген сенімін одан әрі орнықтыру міндетіне басымдық беріп, бұған мемлекет пен судьялар корпусының күштерін жұмылдыру арқасында ғана қол жеткізуге болатынын қадап айтты. Жуырда Президентіміз Нұр-Сұлтан қаласында өткен судьялардың республикалық VIII съезіне қатысып, сот жүйесін жетілдіру бағытында нендей шаралар атқарылу керектігін тағы бір еске салды.
Республика судьяларының съезі – маңызды басқосу, судьялар асыға күтетін мәртебелі жиын. Бұл шараны қазылардың құрылтай жиыны деуге де болады. Пандемия жағдайына байланысты онлайн режімде өткен форумға 400-ге жуық делегат пен мейман қатысты. Олардың қатарында судьялар, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, заң қауымдастығының, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері болды. Форум жұмысын Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов ашты. Ол жаңа заң жобаларының маңызы, өзекті мәселелер бойынша іске асырылған жедел шаралар жайына тоқталып, фронт-офистер мен соттардың пандемия кезіндегі жұмысын атап өтті.
Жиын барысында Президентіміздің халыққа арнаған биылғы Жолдауында сөз етілген соттар жұмысының негізгі бағыттарының бірі – қоғаммен кері байланысты дамыту, жаңа судьяларды жария іріктеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын белсенді ету мәселелері де сөз етілді. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев басты құжатта сот-құқық жүйесін одан әрі дамыту идеологемасын айқындап, судьялар корпусының таяу кезеңдегі басым міндеттерін белгілеп берген еді. Атап айтсақ, бүгінде еліміз бойынша құқық қорғау және сот жүйесін реформалауға баса мән беріліп отыр. Бұдан былай сот жүйесіндегі үдерістерге, ең алдымен, азамат, кәсіпкер, инвестор мүддесі тұрғысынан қарау керек.
Мемлекет басшысы судьяның ары мен жанының таза болуы керектігін, сот жүйесінің халық алдындағы абыройы мен беделі, жұмысының сапасы мен деңгейі оның біліктілігіне, парасат-пайымына тікелей байланысты екенін ұдайы айтып келеді. Еліміздің сот жүйесі судьялардың кәсібилігіне, сот төрелігі мен сот ісін басқарудың сапасына негізделген түбегейлі жаңа тәсілдерге бет бұрып отыр. Судьялар корпусы өздерінің күнделікті жұмысында осы ұстанымдар мен құндылықтарды басшылыққа ала отырып, адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстап келеді. Сот саласындағы өзекті әлемдік үдерістер де ескеріліп, халықаралық қауымдастықпен тығыз байланыс орнатуға баса мән берілген. Соңғы жылдары облысымызда судья лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптар да күшейіп, іріктеудің заманауи құралдары енгізілді. Соның нәтижесінде судьялардың беделі мінсіз, ал кандидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық өтуде. Енді дамыған елдердің басым бөлігіндегідей бізде төрешілік жүргізетіндерге қойылатын талаптар жоғарылатылып, тіпті, өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті олардың лауазымға тағайындала алмауына себеп болуда. Президент съезд отырысында бұл тәжірибенің жақсы нәтиже беретініне сенім білдіріп, біздің жұмысымызды өзге соттарға үлгі ретінде атап көрсетті.
Бүгінде Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу соты өз жұмысын осы және өзге де басымдықтар негізінде жүзеге асыруда. Жоғарыда айтылғандай азаматтар, кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан түсетін арыз-шағымдар ара-жігі ажыратылып, олар әрқайсысы дербес жүйе ретінде қаралуда. Бұл жергілікті соттардың бейтарап әрі әділ шешім шығаруын нығайта түсті. Қазір сотымыздың барлық жұмысы азаматтарға алақандағыдай ашық, анық көрініп тұр. Яғни, өңірдің әрбір тұрғыны ашық сот процесіне қатысып, сот төрағасының қабылдауында бола алады. Сондай-ақ, заманауи ақпараттық технологиялардың көмегімен сот жұмысын және істер бойынша сот актілерін көруге, судьялар қызметіне баға беруге болады. Оған қоса, біз жұмысымыздың ашықтығын дәлелдеу жолында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып, оларға сот төрағасына және судьяларға сұрақтарды тікелей жолдауына мүмкіндік беріп отырмыз.
Тергеу соттарының институты тәжірибе жүзінде өз тиімділігін дәлелдеді. Бұл тергеудің сапасын арттыруға, қамауда ұстаумен байланысты емес бұлтартпау шараларын қолдану тетігін кеңейтуге мүмкіндік беріп, еліміздің адам құқықтары саласында халықаралық стандарттарды ұстанатынын айғақтай түсті. Қылмыстық сот өндірісі саласына тартылған азаматтардың құқықтарын қорғау тергеу соттарының негізгі қызметі саналады. Тергеу судьясы – бұл қылмыстық сот өндірісінде сотқа дейінгі сатыларда азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға бақылау жүргізу бойынша өкілеттікке ие тұлға. Оның құқықтары Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 55-бабында бекітілген. Осы орайда біз судья мен қызметкерлеріміздің жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру, кейбір қылмыс түрлеріне жазаны күшейту, жаңа судьяларды іріктеу және қызметтегі судьяларды бағалау, соттардың қорытынды шешімдерінің жаңа форматы және оларды түсіндіру жұмысын да үнемі талқыға салып, нәтижелі болуына зор мән берудеміз. Қазіргі уақытта процестеріміздің 95 пайызы қашықтықтан өтуде. Азаматтардың арыз-талаптарын да онлайн режімде қабылдауды қолға алдық. Ең бастысы, біздің сот шешімдерімізге шағымдану 30 пайызға дейін қысқарғандығы қуантады. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” деген саясатқа сай, қоғаммен диалог құруға көңіл бөліп отырмыз. “Баспасөз бен әлеуметтік желі не жазып жатыр?” деп, газет-журналдарға шолу жасап, олармен байланысымызды нығайту жолында шаралар қабылдаудамыз. Тергеу ісінде азаматтарды ақтап шығатын үкімдердің көбейгені біздің дұрыс бағытты таңдағанымызды көрсетеді.
Пандемиялық жағдайға орай қоғамымыздағы кейбір салалар карантинге бейімделе алмай жатқанда, біздің сот саласы соңғы жылдары ақпараттық технологияға, электронды қызметке жедел көшті. Алдағы уақытта да тұрғындардың сотқа деген сенімін арттыруға, сот жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған жұмыстар жалғасын таба беретін болады. Мамандандырылған тергеу сотының маңыздылығын арттыру үшін оның өкілеттілігін кеңейту керек деп ойлаймыз. Сол сияқты қылмыстық істер бойынша сот үрдісіне өзгерістер енгізу мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Дәурен ҚАЙРАТҰЛЫ,
Петропавл қаласының мамандандырылған
тергеу сотының төрағасы.