Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында тұрғындарға бірыңғай мемлекеттік қызметтерді ұсынатын корпорация құру жөнінде тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылдың сәуір айында төрт ірі құрылымды – жылжымайтын мүлік, халыққа қызмет көрсету, зейнетақы төлеу жөніндегі және жер кадастры ғылыми-өндірістік орталықтарын біріктірген “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.
Ал тамыз айында біздің өңірде “Халыққа қызмет көрсету орталығы” мен “Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы” департаментін қосу арқылы “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы – Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті құрылды.
Қазіргі таңда әлеуметтік маңызды қызметтердің көп бөлігін азаматтар мемлекеттік корпорация арқылы “бір терезе” қағидаты бойынша алуда. Бүгіндері бұл – 530 мемлекеттік қызмет және одан әрі қарай бұл тізім кеңейтілетін болады. Қазір біріктірілген кәсіпорындарда ХҚКО-да іске қосылған мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай стандарттары енгізілген. Бұл кедергісіз қызмет көрсету, кезектерді броньдау сервистері, SMS-хабарламалар, мониторингтің жаңа құралдары және сапаны бағалау болып табылады.
“Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру” департаменті жер учаскелері және оларда орналасқан ғимараттар, құрылыстар, имараттар туралы кешенді ақпарат енгізілетін бірыңғай жылжымайтын мүлік кадастрын әзірлеу және құру мақсатында құрылды, ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
Біз алдымызға мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жетілдіруді, озық технологиялар мен шешімдерді пайдалануды, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде әкімшілік кедергілерді азайтуды, “бір терезе” қағидатынан “бір өтініш” қағидатына өтуді мақсат етіп қойып отырмыз. Соның нәтижесінде қызметтерді алу үшін талап етілетін құжаттар топтамасын, сондай-ақ, қызметтерді көрсету мерзімдерін қысқарту бойынша аса табысты болып табылатын бірнеше қанатқақты жобалар іске қосылды.
Бүгінгі таңда, біз бір өтініш негізінде екі қызметті алуға мүмкіндік беретін композит қағидаты бойынша қанатқақты жобаларды іске асырудамыз. Елді мекендерде “Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау және бекіту” композиттік қызметіне “Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау” және “Нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау” қызметтері біріктірілді.
Жобаны енгізгенге дейін тек кадастрлық құнды анықтау жұмысын орындау мерзімі 10 күнді құраған, оған жергілікті атқарушы органның бекітуіне 3 жұмыс күні қосылады. Бұрын көрсетілетін қызметті алушылар ХҚКО-на алдымен құнын анықтау, одан кейін кадастрлық құнды бекіту үшін екі рет жүгінетін.
Енді бұл қызмет 8 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Бұрын клиент жерге орналастыру жобасын әзірлеу үшін алдымен ЖерҒӨО-ға жүгініп, оны әзірлегеннен кейін ғана жергілікті атқарушы органда бекіту үшін ХҚКО-ға құжат тапсыратын. Енді мемлекеттік корпорацияның фронт-офисіне жүгіну және жерге орналастыру жобасын әзірлеуге құжаттар тапсыру жеткілікті. Бекітуге ол автоматты түрде жолданады. Қызмет көпшілікке танымал болуда.
Сондай-ақ, мемлекеттік корпорация мен департамент бірыңғай орталықтандырылған электрондық мұрағатты құруды жоспарлап отыр.
“Электрондық мұрағат” ақпараттық жүйені орталықтандыру эксаумақтық қағидат бойынша техникалық төлқұжаттың телнұсқасын дайындау бойынша қызметті көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, мобильді планшетте жылжымайтын мүлік нысанының абрисін жасау мүмкіншілігімен жылжымайтын мүлік нысандарын техникалық тексеру саласында көпмақсатты пайдалану мүмкіншіліктері бар “Абрис” автоматтандырылған ақпараттық жүйесін әзірлеу және енгізу, графикалық деректерді сақтау мүмкіншілігімен келіп түскен тапсырыстарды, схемалық жоспарларды, наряд-есептерді және т.б. өңдеу жұмыстары жүзеге асырылатын болады.
Қайта ұйымдастыру кезеңін біз ойдағыдай өттік. Департамент мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша жұмыстың қазіргі заман талабына сай болуы жолында еңбек етуде, оған екі жүзден астам қызметкер өз үлестерін қосуда.
Ербол ӘБДІРАХМАНОВ,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы – Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің
директоры.