Бірде Тимирязев ауданының әкімі Еркін Базархановпен әңгімелескенімде: “Әкем Сейілхан – басшылық қызметте болған адам. Мен ауданға әкім болып тағайындалған соң осында Алматыдан әдейілеп келіп, бұл өңірдің жағдайымен танысып шыққан соң: “Жаман жұрт болмайды, жаман басшы болады. Осыны жадыңда ұста!” – деп, шегелеп айтып кетті маған. Әкемнің сол сөзі есімнен шықпайды…”, – деген еді. Санасында сәулесі бар кісіні селт еткізбей қоймайтын ғибратты сөз-ау …
Шал ақын ауданының әкімі Марат Омаровтың Сергеевка қаласында өткізілген қорытынды есепті кездесуіне қатысып отырғанымда сол сөз жадыма оралды. Оның өзіндік қисыны да бар: бұл аудан бір кезде әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан облыста көш бастап, атақ-даңқы алысқа жайылған еді. Ніл Болатбаев, Жақсылық Ысқақов сынды бірінші басшыларының қызметтері жоғарылатылса, олардың ізбасары болған Есім Шайкин Социалистік Еңбек Ері атанған. Алайда, заман өзгеріп, елді экономикалық дағдарыс жайлаған тоқсаныншы жылдардан бері дұрыс басшыға жари қоймаған шалақындықтардың бастарынан бақ тайғандай күй кешіп, мұң-мұқтаждары көбейіп кеткендігі жасырын емес. Олар кейінгі жылдары бірінен соң бірі ауыстырылған аудан басшыларының ішінен Айдарбек Сапаровты ғана айрықша құрметпен еске алады. Бұл ауданды бір жарым жылдай ғана басқарған ол жемісті еңбегінің арқасында Ніл, Жақсылық ағаларының жолымен қызметі өсіп, бүгінде облыс әкімінің бірінші орынбасары болып жүр.
Әділін айту керек, шалақындықтардың қазіргі басшысы Марат Омаров жергілікті билік тізгінін өз қолына алған екі жылдан астам уақыт ішінде бірталай игі істерді қолға алып, ауданның рейтингтік көрсеткіштерін айтарлықтай жақсарта білді. Былтырғы күрделі жылды да шалақындықтар біршама табысты қорытындылап, егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыра алған.
Аудандағы дәрігерлер тапшылығы мәселесі де біртіндеп шешілу үстінде. “Қазір бізге 6 дәрігер жетіспейді. Ауданымызға келуге ынта білдіретін медицина мамандары табылып жатса, олардың бәрін де пәтермен қамтамасыз етеміз”, – деп мәлімдеді Марат Қосылұлы есепті кездесу барысында. Ал, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткізіліпті. Тұрғындар көптен өтініш етіп айтып жүрген Иманбұрлық өзенінен өтетін көпірді жөндеу, Повозочное ауылына ұялы байланыс орнату секілді көкейкесті мәселелер шешімін тапқан.
Әйткенмен, жергілікті билік органдарының жұмысында кемшін тұстар әлі де аз емес. Бұл жөнінде жиынға қатысқан жергілікті тұрғындар ашық айтты. Былтырғы есепті кездесуде де аудан басшылығының жұмысын өткір сынаған зейнеткер Ілияс Тоқымбетов бұл жолы да сөз алып, Сергеевка қаласының көшелерін жарықтандыру жайы мен қардан тазарту барысы, жолдарды жөндеу сапасы сын көтермейтінін, жол қозғалысы белгілері жетіспейтіндігін, монша жұмысы да бүгінгі талапқа сай еместігін айтып, жергілікті атқарушы билік пен аудандық мәслихаттың қызметіне көңілі толмайтындығын білдірді. Залға қойылған микрофон арқылы бір ана Сергеевка қаласындағы №2 орта мектептің қазандығы қатты аязда сыр бергендіктен, оқушылар мен мұғалімдер қазір тоңып-жаурап жүргендігін нали айтты. Қаратал – Сергеевка – Ақанбарақ бағытындағы жолаушылар автобусының жұмысы ақсап тұрғандығы да сөз болды. Ал Мерген ауылының тұрғыны аталмыш елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз ету өзекті күйінде қалып отырғанына шағымданды. Жиынға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров аудан басшысына шалақындықтардың орынды өкпе-реніштерін туғызып отырған кемшіліктерді жоюды дереу қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ, Айдарбек Сейпілұлы былтыр облыс бойынша инвестиция тарту көлемі 8 пайызға өскеніне қарамастан, Шал ақын ауданында оның көлемі 17 пайызға кеміп кетуіне жол берілгендігін, мұндағы орташа еңбекақы деңгейі де төмендігін, мал шаруашылығын дамытуда да олқылықтар орын алып, қой-ешкі саны азайып кеткендігін, бірде-бір мал бордақылау алаңы құрылмағандығын, әкелінген мал саны да жеткіліксіз екендігін сынға алды. “Ауыл тұрғындарынан сүт сатып алу ісін қыстыгүні де ұйымдастыру қажет. Сүттің литрінің бағасын қазіргі 45-50 теңгеден 75 теңгеге дейін өсіру керек. Сергеевкадағы сүт зауыты оны өңдеп, қала тұрғындарына сатуды жолға қойғаны жөн”, – деді облыс басшысының бірінші орынбасары. Бұған қоса, ол ауданда индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығында ешқандай жоба қолға алынбағандығын, тек облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен алдағы уақытта жалпы құны 900 миллион теңгені құрайтын қант қызылшасы мен майлы дақылдарды өңдеу жобасы қарастырылып отырғандығын атап айтты.
Аудан әкімінің есепті кездесуіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
“Солтүстік Қазақстан”.