«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮГЕДЕКТЕРДІ МҮСІРКЕУДІҢ ОРНЫНА…

Өмір жолында қуанышынан тауқыметі басымырақ болатын кембағал жандар баршылық. Мемлекет мұндай азаматтарын әлеуметтік жағынан қол­дап-қуаттап отыратын сара саясатын ешқашан өз­гертпек емес. Әйтсе де, мүгедек жандардың қамқорлықтарына алуы тиіс құзыретті органдардан теперіш көріп келе жатқандары қынжылтады. Прокурорлық тексеріс нәтижелері – соның айқын айғағы.

Алла басқа салған соң көнбеске шарасы жоқ кемтар жандар жанын езгіге салған дертті тілеп алмағаны белгілі. Олардың да алға жетелер асқақ армандары мен биік мақсаттары бар. Облысымыздағы мұндай жандардың саны 30 мыңға жуықтайды. Ең өзектісі әрі өкініштісі – олардың құқығына құзыретті органдарының өздері қол сұғып отырғандығы. Өткен жылдың ішінде ғана орын алған келеңсіздіктер жаға ұстатады. Мәселен, Айыртау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімі аудандағы мүгедек жандарды міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастырған. Әйтсе де, аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар былтырғы жылдың тамыз-қараша айларының аралығында қажетті құралдарға қол жеткізе алмаған. Есіл ауданындағы мүгедектер де жауапты мекеменің жауапсыздығынан мемлекеттің көрсетіп отырған көмегінен қағылыпты. Мәселен, К.Бекқожин деген 2-топтағы мүгедек бір жылдың ішінде 12 гигиеналық құралды алу керек болса, қолына біреуі ғана тиген екен.

Былтыр Мағжан Жұмабаев ауданындағы мүгедектердің 23 пайызы аса қажетті техникалық көмекші және арнайы қозғалыс құралдары мен санаторий-курорттық емді ала алмаған.

Шал ақын ауданындағы құзыретті бөлім қызметкерлерінің әрекеті тіпті шектен шыққандық. Олар көру қабілеті нашар жандарға арналған қолсағаттың мұқтаж адамдарға берілгені жайында құжат толтырыпты. Тексеру кезінде мүгедектің бұл құралды алмағандығы анықталды. Пайдалануға берілді деген құрал бөлім басшысының сейфінен табылған. Құжатта мүгедектің тауарды алғанын растайтын қолды кім қойды деген сауалға бөлім басшысы мардымды жауап бере алмапты. Осындай фактілер тағы да бірнеше адамға қатысты орын алған көрінеді.

Кембағал жандарды жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешіліп жатыр деуге келмейді. Айыртау ауданындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүмкіндігі шектеулі 45 адамды жұмысқа тұрғызғандығы туралы былтырғы жылғы ақпараты жалған болып шықты. Себебі, мүгедектердің дені жұмысқа өздері орналасқан екен.

Ешкімге қол созбай, нәпақасын тауып отырған мүгедектердің еңбекақысына ауыз салудан тайынбайтындар да бар болып шықты. Былтыр Аққайың, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда заңды белден баса отырып, заң бойынша қол сұғуға тыйым салынатын мүгедектердің еңбекақысынан салық ұстау фактілері орын алыпты.

Мүгедектерді санаторий-курорттық жолдамамен қамтамасыз ету мәселесінде өтінішті қабылдау, тіркеу тәртіптері жиі бұзылатын көрінеді. Осылайша онсыз да жүріп-тұруы қиын кембағал жандарды заң бойынша тиесілі әлеуметтік көмекті алу кезінде әуре-сарсаңға салып, қасақана кедергі келтіріліп отырған.

Кембағал жандарға көмектесу – қоғамның, билік өкілдерінің, түрлі лауазымды қызмет иелерінің парызы. Алайда, кемтар жандарға қатысты заңға қайшы келер осындай келеңсіз жайттардың қоғам өмірінен көрініс табуы мүгедектерге тиісінше жағдайдың жасалмай отырғандығын көрсетіп отыр. Денсаулығының кінәратынан қоғамдық өмірге араласа алмай, қор болған жандардың құқығын аяқасты ету қашанғы жалғаса бермек?!

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp