Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында: “Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс”, – деп барлық кәсіпкерлерді мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырған болатын.
Осыған орай “Нұр Отан” партиясының “Кедергісіз келешек” жобасы қабылданып, ол мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталды.
“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелерін талқылау жөнінде өткен жария тыңдауға мемлекеттік органдар, кәсіптік және қоғамдық бірлестіктер басшылары, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Біздің өңірде 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Соның ішінде бірінші топтағы мүгедектер саны 3347 болса, екінші топтағылар он бір жарым, ал үшінші топта жүргендер он екі мыңға жуықтайды. 18 жасқа дейінгі мүгедектік 2097 балаға берілген. Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандардың 500-ден астамы жұмыспен қамтылған. Олардың үш жүзден астамы бос жұмыс орындарына орналастырылды. Екі жүзден астамы тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарға тартылғандармен қатар кәсіптік қайта даярлықтан өткендері де бар.
– Былтыр мүгедектер арасында өз ісін ашқысы келетін 14 адамға “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жалпы құны 40 млн. теңгенің шағын несиелері берілді. Олардың дені мал шаруашылығына, қалғандары қызмет көрсету, жүк тасымалы, тағы басқа салаларға несие алды. Араларында бұрынғы кәсібін кеңейту үшін несие алғандар да болды. Жұмысқа орналастыру үшін өткен жылы сексеннен астам бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда жүзден астам мүмкіндігі шектеулі жанға кеңестер берілді, қайта даярлау курстарынан өткендері де бар, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Алексей Рудаков.
Үстіміздегі жылы бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Қаңтар айында өткен бос орындар жәрмеңкесіне төрт жүзден астам адам қатысқан. Оның ішіндегі мүмкіндігі шектеулі жанның қырыққа жуығы жұмыспен қамтылған. Алайда, мүгедек жандардың жұмысқа орналасуында кездесетін кедергілер де жеткілікті. Жұмыс берушілер мүгедектерді жұмысқа алуға құлшыныс таныта қоймайды.
Мүгедек жандар кәсібін ашса, оның салық төлеуге жеңілдіктері де алынып тасталады екен. Сондай-ақ, олар жұмыспен қамту орталықтарында жылдап кезекте тұрады. Бос жұмыс орындарының қаралу процесі ұзақ. Әкімдікте шешім шығып, ол әділет департаментінде қаралғанша уақыт өтіп кетеді. Осы процедуралар тездетілсе деген ұсыныс білдірді мүгедектердің облыстық “Көмек” қоғамдық бірлестігінің басшысы Сергей Ревенко. Оның сөзін Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Жәкенқызы да мақұлдап, бос орындар жәрмеңкесіне кәсіпкерлермен қатар еңбек инспекциясы, әділет, білім, тағы басқа салалардың мамандары қатысулары керектігін алға тартты. Ол жұмыс берушілер бос жұмыс орындарының тізімін уақтылы бермейтінін де тілге тиек етті.
Жиынға қатысушылар мүгедектер қазір тегін оқуды пайдаланып, мамандық алулары, сосын сол бойынша жұмыс талап етулері керек. Мүгедектігі бойынша жұмысқа алмағандар туралы ешқандай құжат жоқ. Бәрі ауызша. Сондықтан мүгедек жанды жұмысқа алмаған кәсіпкер оны неліктен қабылдамағаны жөнінде жазбаша жауап беруін талап етуі, өз құқығын табанды түрде қорғауы керектігін де алға тартты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.