«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮГЕДЕКТІК БЕС ЖЫЛҒА БЕЛГІЛЕНЕДІ

Қазақстан Республикасы Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға арналған 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, ересектер үшін мүгедектік 5 жыл мерзімге белгіленетін аурулар тізбесі бекітілді.

МӘС жүргізу қағидаларына өзгерістер мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау сала­сындағы үйлестіру кеңесінің ұсынымдарына сәйкес енгізілді, оның құрамына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері кіреді. Олар оңалтуға келмейтін аурулар бойынша қайта куәландырудан жиі өту қажеттігіне наразылық білдірді. Осыған байланысты дене функцияларының ауыр бұзылуымен, оңалту күмәнді немесе қолайсыз 19 аурудың тізбесі жасалды, оған сәйкес мүгедектік 5 жылға белгіленбек. Олардың ішінде интоксикация айқын білінетін қатерлі ісік, шизофрения, қант диабеті, V сатыдағы созылмалы бүйрек аурулары және т.б. бар.
Осы белгілері бар мүмкіндігі шектеулі жандар бес жылда бір рет қайта куәландырудан өтеді. Бұған дейін 18 жастан асқан азаматтарға мүгедектік бір, екі жылға немесе мерзімсіз берілді.
Сонымен қатар емдеуге келмейтін анатомиялық ақаулар тізбесі кеңейтілді. Осындай денсаулық кемістігі бар 18 жастан асқан адамдарға мүгедектіктің екінші тобы қайта куәландырудан өтпес­тен белгіленеді. Тізбеге қан диабеті мен Лериш синдромы аясындағы екі аяқтың ампутациясы, 16 жасқа дейін балаға мүгедектікті алғаш белгілеген кезде орташа ақыл-ой кемістігі (имбецильділік) және түрлі генездегі ақыл-ой кемістігінің тиісті дәрежесі, екі аяқтың тұрақты білінетін парездерімен және шоғырланған гиперкинездермен қозғалудағы бұзылулар (гемипарез, парапарез, трипарез, тетрапарез) қосымша енгізілді.
Бұдан басқа 16 жасқа дейінгі балалар үшін мүмкіндігі шектеулі деп танылатын медициналық көрсетілімдердің тізбесі кеңейтілді. Мәселен, мүгедектікті 5 жыл мерзімге белгілеу үшін қолданыстағы көрсетілімдер тізбесіне балалар аутизмі, Аспергер синдромы, атипикалық аутизм, сондай-ақ, қайта куәландыру кезінде 1 және 2 типті қант диабеті және т. б. қосылды.
Сондай-ақ, денсаулық жағдайы өзгергенде бұдан бұрын белгіленген мүгедектік мерзімі мен еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін қайта куәландыру тәртібі регламенттелді. Енді мүмкіндігі шектеулі адамдар денсаулық жағдайы нашарлағанда немесе жақсарғанда қайта куәландыруға жіберілетін болады. Бұйрық 2019 жылдың 31 желтоқсанында шығарылды.

 

Бегайым МЕЙМАНОВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp