Бүкіл еліміз бойынша екі жылдан астам уақыт жүргізілген мүлікті жария ету науқаны аяқталуға таяп қалды. Өзінің және ұрпағының болашағын ойлаған көптеген азаматтар бұл іске терең түсіністікпен қарап, белсене атсалысуда. Өйткені, тұрғындарының бұрын жасаған теріс әрекеттеріне рақымшылық жасайтын мұндай тәуекелге кез келген мемлекет бара бермейді. Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 13 қарашасы күні “Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңға қол қойды. Тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бұл заң мүлікті жария етудегі рақымшылық жасаудың жаңа процедуралық ерекшеліктерін айқындап берді, көптеген жеңілдіктер енгізілді.
Осы орайда, “Қандай жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылған?” деген заңды сауалдың туындайтыны түсінікті. Атап айтсақ, ақша мен мүлікті жария ету арқылы заңдастырудың механизмі мүлде қарапайым ғана. Мысалы, шетелде жатқан немесе жеке айналымда жүрген қаражатты заңдастырудың екі жолы бар. Біріншісі – шетелдік банкте жатқан немесе жеке айналымдағы ақшаны жариялау үшін екінші деңгейдегі банкте және “Қазпочта” АҚ-ның операторында есепшотқа түсіру арқылы жариялауға болады. Тиісті ақша екінші деңгейдегі банкке немесе “Қазпочта” АҚ-ның операторындағы есепшотқа түскен соң, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына арнайы декларация тапсырылады. Мұндай жағдайда мемлекетке он пайыздық алым төленбейді. Ал енді екінші жағдайда шетелдегі банкте жатқан, яки жеке айналымдағы ақшаны екінші деңгейдегі банкте немесе “Қазпочта” АҚ-ның операторында есепшот ашпай-ақ, арнайы декларацияны толтырып, мемлекеттік кірістер органына өткізу жолымен де заңдастыруға болады. Бұл жағдайда мемлекетке он пайыздық алым төленеді. Және де мемлекеттік кірістер органына арнайы декларацияны тапсырған күннен бастап-ақ банкте жатқан немесе қолдағы ақша заңдастырылған болып есептеледі де, ол ақшамен кез келген операцияларды жүзеге асыра беруге болады. Мысалы, бизнеске салу, құнды қағаздар сатып алу, инвестиция құралы ретінде жұмсау, т.б.
Ал енді жылжымайтын мүлікті жария ету мәселесіне тоқталайық. Мысалы, көп адамдар жылжымайтын мүлікті жария еткен жағдайда он пайыздық алымнан қорқады. Және де он пайыздық алым Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікті заңдастыру кезінде алынбайтынын білмейді. Он пайыздық алым тек шетелдегі жылжымайтын мүлікті жария еткен жағдайда ғана алынады. Онда да шетелдегі мүлкін жария еткен субъект оның құнын өзі анықтайды. Осы орайда, мүлікті жария етуге мүдделі субъектілер қайда баруы керектігіне тоқтала кеткен жөн шығар. Мысалы, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, алайда, тиісті тәртіппен ресімделмеген жылжымалы мүлікті жария ету мәселесімен қалалық, аудандық әкімшілік жанынан құрылған комиссияға бару керек. Ал енді мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан аумағында орналасқан, тиісті тәртіппен ресімделген, алайда, басқа біреудің атына жазылған жылжымалы мүлікті, шетелдегі жылжымалы мүлікті (оның ішінде басқа біреудің атына жазылған), шетелдегі және жеке айналымдағы қаржыны жариялаумен айналысады. Және де Заңдағы тағы бір айта кететін ерекшелік – басқа біреудің атына жазылған мүлікті өз атыңа аударып алуға мүмкіндік беріп отырғандығында. Өйткені, бүгінгі күні әртүрлі себептермен өз мүлкін басқа біреудің атына рәсімдеп, тасада тығылып жүргендер аз емес. Олардың ішінде мүлікті атына аударған адамдарының пендешілікпен пайдаланып кетіп жатқан оқиғалар да көп кездеседі. Мұндай кезде аталмыш мүлік өзіңдікі екенін дәлелдеу мүмкін емес. Сондықтан да мүлікті жариялауға мүдделі адамдар үшін өз мүлкін өз мүддесіне заңдастыратын уақыт келгенін ұмытпау керек.
Жалпы, мүлікті жариялау туралы сөз болғанда, көп адамдар жария еткен мүлкін “Болашақта тәркілеуге түсіп кетпей ме?” деген үрейден арыла алмай жүрген сияқты. Әрине, жоқ. Себебі, мүлікті жария етуге байланысты сегіз түрлі нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілді. Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, Әкімшілік-құқық бұзу туралы кодексі, Салық кодексі, Азаматтық кодексі, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңы, т.б. Енгізілген өзгерістердің барлығы мүлікті жария еткен субъектілердің мүдделерін қорғау мақсатында қабылданған. Яғни, жария етілген мүлік қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтың және тәртіптік жауапкершілікке тартудың объектісі болып табылмайды. Сондықтан да сот шешімімен тәркілеуге де жатпайды. Сонымен қатар, жария етілген мүлік пен қаржы банктік және салықтық құпия болып табылады. Оны таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ал енді “Мүлікті жариялау несімен тиімді?” деген сұраққа жауап берейік. Біріншіден, 2017 жылы жалпылама декларациялау процедурасы енгізіледі. Ол кезең-кезеңімен жүргізіледі. Сол кезде әрбір тиын үшін жауап беруге тура келеді. “Мүлікті жариялау – соңғы мүмкіндік. Бұдан кейін ешқандай кешірім болмайды. Бұл шара жалпылама декларациялау алдындағы соңғы акт”, – деп ескертті осы мәселеге байланысты Елбасымыз.
2017 жылдан бастап шетелдегі жасырынып жатқан ақшалар мен жылжымайтын мүліктерге байланысты тексеру шаралары қолға алынады. Себебі, кез келген заң субъектілерге қаншалықты жеңілдік жасағанымен, оның талаптарын орындамағаны үшін жазалау шараларын да қамтиды. Осы орайда, заңды жетік білмейтін кейбір адамдар “Шетелде жатқан ақша мен жылжымайтын мүлікті қайдан табады?” деп қателесуі мүмкін. Оны табудың еш қиындығы жоқ. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы “Қылмыстық жолмен ізі жасырылған ақшаны әшкерелеу, алу және тәркілеу туралы” халықаралық Страсбург конвенциясының мүшесі болып табылады. Аталмыш конвенция 2011 жылдың 2 мамырында Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған.
Енді Қызылжар өңірінде бұл науқанның қалай жүріп жатқанынан бірер деректер келтірейік. Үстіміздегі жылдың он бір айында облыста жария етуге 1229 өтініш түсті. Түскен өтініштер бойынша мүліктер саны 2065 (тұрғын нысандар – 387, тұрғын емес нысандар – 1678), олардың жалпы құны 6 004 162,8 мың теңге болды. Жалпы сомасы 1 453 298 мың теңге болатын 433 нысан бойынша 359 өтініш кері қайтарылды. Бұл өтініштердің барлығы толық құжаттар топтамасының болмауына байланысты иелеріне қайтарылып берілді. Жыл басынан бері 795 өтініш негізінде жалпы сомасы 4 366 199 мың теңге болатын 1431 нысан жария етілді. Ал жалпы сомасы 184 665,8 мың теңге болатын 201 нысан бойынша 75 өтініш қаралып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мүлікті жария ету жөніндегі акция басталғаннан бері мемлекеттік кірістер органы арқылы жалпы құны 56 795 мың теңге құрайтын шетелдегі 15 жылжымайтын мүлік нысаны, 10 159 062 мың теңге сомасында ақшалай қаражат (98 декларация) жария етілді. Биылғы он бір ай ішінде облыс аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде сомасы 12 082 269 мың теңгеге 80 шот ашылды.
Осы акция аясында жергілікті атқарушы органдар жария ету мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 287 мақала жариялады, өңірлік арналарда 204 шығарылым ұйымдастырылды және түсірілді, теледидарда 111 “жүгіртпе жол” берілді, интернет-ресурстарда 149 мақала, 16 радио-бағдарлама жарияланды, 7 билборд орналастырылды, 251 “дөңгелек үстел” мен семинар өткізілді, 1317 жадынама мен брошюра шығарылды және таратылды, 93 “Ашық есік күні” өткізілді.
Иә, мұндай ізгілік бағыттағы заң актісі алдағы жылдарда қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Сондықтан да болашақта заң алдында жауап беріп тұрғаннан гөрі, заң алдында мерейің үстем болғанға не жетсін.
Ескен ӘКІМЖАНОВ,
облыстық қаржы басқармасының басшысы.