«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮЛІКТІ СЫЙҒА ТАРТУДЫҢ ТӘРТІБІ

Жасыратыны жоқ, мүлікті мем­лекетке сыйға тартудың тәртібін жұртшылықтың бәрі біле бермейді. Осы себепті, сатып алу-сату, рента, сатып алу құқығымен жалдау шарттары заң шеңберінде реттеліп, белгіленген ережелер арқылы жүзеге асырылатынын еске сала кеткіміз келеді. Оның ішінде сыйға тарту меншігі де бар. Меншіктің бір түрінен екінші түріне ауысу шарттары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 506-516-баптарына сәйкес реттеледі. Мемлекеттік заңды тұлғалар “Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу туралы” Үкіметтің арнайы қаулысы негізінде өзара мәміле жасай отырып, бір тарап (сыйға тартушы) екінші тарапқа (сый алушы) затты өтеусіз меншігіне береді немесе беруге міндеттенеді. Осы орайда сыйға тарту шартының негізгі айырмашылығы – оның кері қайтарылмайтынын айта кеткен абзал. Яғни, сыйға тарту шарты өтеусіз болатынын әркім есте ұстағаны жөн. Мәселен, бір тарап сыйға басқа мүлікті берсе не міндеттеме алса, мұн­дай жағдайда сыйға беру шарты заңды болып танылмайды. Кейде сыйға тарту жеке және заңды тұлғалардың белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызмет етіп жататын жайттар кездеседі. Сыйға тарту мүлікті өтеусіз иеленудің маңызды ерекшелігі болып табылады және мүлікті ерікті түрде беру актісін бекітуге мүмкіндік береді. Осылайша, сый алушының да, алынған заттың да құқықтық тұрғыдан қорғалуы заңдық жағынан қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі күні сыйға тарту шарты әлеуметтік рөл де атқарады. Соңғы кездері аз қамтылған отбасылар мен көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек қолын созатын ұйымдар мен кәсіпкерлердің қатары артқанын байқауға болады. Мұндай жағдайда сыйға тарту шарты жасалып, өтінішке қоса төмендегідей құжаттар жинастырылады:
– сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқығын мемлекетке беру туралы ұсыныс;
– құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері (жер учаскесіне құқық беретін акт, сатып алу-сату шарты), техникалық құжат (жылжымайтын автокөлік), меншік құқығын тіркеу туралы деректер;
– берілетін мүліктің құны туралы мәліметтер (баланстан көшірме немесе бағалау туралы есеп);
– мемлекеттік емес заңды тұлғалар болса, жарғыға сәйкес уәкілетті органның аталған мүлікті мемлекет меншігіне өтеусіз беру туралы шешімі.
Аумақтық бөлімшелерге түскен өтініш бойынша 3 жұмыс күні ішінде құжаттар тексеріліп, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға жолданады. Уәкілетті орган мүліктің меншік иесін рәсімдеген соң 7 күн ішінде мүлікке мемлекеттік құқығын беру туралы қорытынды ұсыныспен орталық атқарушы органдарды хабардар етеді.
Мемлекеттің мүлік құқығына ие болудың негізгі өлшемдері мынадай:
– мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдаудың экономикалық орнықтылығы;
– мемлекеттік меншікке қабылдағаннан кейін мүлікті тағайындау және пайдалану;
– берілетін мүліктің қаржылық қамтамасыз етілуі.
Уәкілетті орган мемлекеттік меншікке берілетін мүлік бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы бұйрық шығарады. Осыған сәйкес аумақтық бөлімшелер 10 күн ішінде сыйға тарту шартын және мүлікті қабылдау-тапсыру актісін дайындайды. Ережеге орай облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жеке тұлғаның және мемлекеттік емес заңды тұлғаның мүлкін мемлекет меншігіне береді.

Қайрат ОМАРОВ,
мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы.  

Сурет https://44030.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp