Өмір болған соң күйбелең тірлікте түрлі жағдай болады. Мен тұрмысқа шыққанда қанша арман-мақсатым болып еді. Бірақ, арада біраз уақыт өткен соң, оның бәрі бос әурешілік екенін түсіндім. Өкінішке қарай, тағдыр маған тосын сый дайындап қойғанын білмеппін. Отбасын құрған кезде ортақ жоспарларымызды жүзеге асыра бастадық. Сөйтіп, үйленген соң күйеуім 1 миллион теңгеге көлік сатып алды. Енді ажырасқалы жатырмыз. “Маған сол көліктен үлес тие ме?” – деген сауалыма жауап берсеңіздер.
Ләззат Бектұрова.
Қызылжар ауданы.
Отбасы жағдайындағы түсініспеушілік пен келеңсіздіктерге, әлеуметтік мәселелерге қатысты облыс тұрғындарын толғандырған сауалдарға тәжірибелі заңгер Еркебұлан Әлімов жауап береді:
– Неке заңды түрде тіркелген уақыттан бастап, сатып алынған мүліктер ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып табылады және ол неке бұзылған соң 3 жылдың ішінде ерлі-зайыптылардың талабы бойынша бөлінуге жатады (жеке киім-кешектер мен балалардың заттарынан басқалары). Мүліктерді бөлу кезінде ерлі-зайыптылардың үлесі тең бөлінеді. Ол үшін сіз күйеуіңіз тұратын аудандық немесе қалалық сотқа ортақ мүлікті бөлу туралы талап-арыз бере аласыз.
Көлік туралы айтар болсам, бірінші кезекте оны бағалату керек. Күйеуіңіз рұқсат бермесе, көліктің құны нарық бағасы бойынша анықталады. Содан кейін көлік құнының 1 пайызының тең жартысының көлемінде мемлекеттік баж салығын төлейсіз. Талап-арыз жазып, оған жеке куәліктің, азаматтық хал актілерінің, балалардың тууы туралы куәліктерінің, бөлісетін мүлік құжаттарының көшірмелерін, мемлекеттік баж салығының төленген түбіртегінің түпнұсқасын қоса тіркеу керек. Мүлік құнының жартысын күйеуіңізге беріп, мүлікті өзіңізге қалдыруды немесе мүлік құнының тең жартысының сомасын алуды талап ете аласыз.