
Өткен жылдың соңында Петропавл қаласында топырақ құрамын, дақылдардың сапасын зерттеумен айналысатын орталық іске қосылған болатын. Ел бойынша алғашқы толық автоматтандырылған зертхана соңғы екі айда жергілікті шаруашылықтардан оннан астам сынама алып, талдау жасады.
“Agro Lab” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі бірегей зертханада алқаптардағы дәнді және майлы дақылдардың сапасы мен топырақ құнарлылығы анықталады. Зертхана меңгерушісі Алмагүл Қалиасқарованың айтуынша, бұл шығымдылықты арттыруға мүмкіндік береді.
– Топырақты талдау – ауыл шаруашылығын дамытуға ықпалы зор шараның бірі. Бұл бағытта зертханамыздың әлеуеті зор. Бұған дейін жергілікті шаруалар топыраққа агрохимиялық талдау жүргізу үшін шетелдік компаниялардың көмегіне жүгініп келген болатын. Енді бұл қызмет түрлері Петропавлда да қолжетімді. Мамандарымыз топырақтың құрамындағы барлық металдардың, түрлі элементтердің, тұздардың мөлшерін анықтайды, – дейді Алмагүл Ербатырқызы.
Бүгіндері зертханада 15 жоғары білімді маман жұмыс істеуде. Тәжірибелі химик, агроном және биологтар заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен топырақтың азот, фосфор, калий, күкірт пен гумус сияқты маңызды элеметтерінен сынама алып, оның қышқылдығын тексереді. Мәселен, голландиялық “Skalar” компаниясының инновациялық қондырғысымен тәулігіне 1500 талдау мен 280 сынама жасалады. Осылайша, жыл соңына дейін 1 млн. гектар алқапқа зерттеу жүргізілетін болады.
Егістік алқаптарындағы топыраққа агрохимиялық талдау жүргізу шаруалардың тыңайтқыштарға демеуқаржы алуы үшін де маңызды. Алқаптың әрбір учаскесі жайлы ақпарат жазылған электронды агрохимиялық картограмма Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесіне тіркелген. Қазіргі уақытта зертхананың мамандары жергілікті бес шаруашылықтың алқаптарынан алынған топыраққа талдау жасап, оның сапасын анықтауда. Кейін сынама қорытындылары агроқұрылым басшыларына жіберіледі.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: зертхана меңгерушісі А.Қалиасқарова сараптама жасауда.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.