Облыстық балалар ауруханасы тағы бір осызаманғы медициналық құрал-жабдықпен толықты. “Ergos 50” лор-комбайн деп аталатын аталмыш құрылғы мұрын, жұтқыншақ және көмейге жүргізілетін диагностикалық тексеру және емдеу кезінде пайдаланылады.
Аурухананың хирург-отоларинголог балалар дәрігері Виталий Никулиннің айтуынша, бұрындары балалардың мұрындары бітеліп ауырғанда гайморит, синусит сынды дерттерді рентгенге түсіріп анықтаса, енді аталмыш құрылғымен анықтап қана қоймай оны емдеуге де болады. Дәрігерлер мен балалардың ата-аналарын қуантатыны да сол. Себебі, бұдан бұрын гайморит сынды мұрын қуысының өткір қабынуынан болатын сырқатты мұрынды тесіп емдейтін. Бұл әдіс дертті емдеуге тиімді болса да, науқасқа біршама қиындықтар әкелетіні рас.
Қондырғы күніне 50 адамды тексеруден өткізе алады. Германияда шығарылған құрылғы “ҚазМедТех” акционерлік қоғамы арқылы сатып алынған.
* * *
Облыстық аурухана жаңа 4 медициналық құрал-жабдық сатып алды. Соның арқасында биохимиялық, микробиологиялық медициналық талдамалар енді жедел әрі сапалы жасалатын болады.
Егер бұрындары науқастар қатерлі дертті анықтау мақсатында қан талдамасының күрделі үлгілерін жасау үшін шетел асса, енді мұндай медициналық тексерістерді облыстық аурухананың клиникалық зертханасында жасау мүмкін болып отыр.
4 аппараттың түрлі клиникалық талдама жасауға қуаты жетеді. Мәселен, 20 миллион теңгеге сатып алынған биохимиялық талдағыш бір мезетте 500-ге жуық талдаманы жасай алады.
(Өз тілшіміз).