Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында соңғы он айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
– Президенттің биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жұртшылықтың өмір сүру жағдайын дамытуға арналған маңызды құжат болды. Жылдың басты құжатында айтылған тапсырмаларды жедел жүзеге асыру мемлекеттік органдар қызметінің түйінді бағыттарының бірі болып табылады. Облыс бойынша үстіміздегі жылғы қаңтар-қазан айларындағы қысқамерзімді экономикалық индикатор оң өсімді көрсетіп, 103,4 пайызды құрады. Мемлекеттің қолдауын сезініп отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 172,1 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Яғни, 12,9 пайыздық өсім тіркелді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне де тоқталды. Облысымыздың экономикалық өсімінің негізі болып табылатын бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығына тартылған инвестицияның көлемі 64,2 млрд. теңгені құрап, 3,1 пайызға өсті.
Топырағы құнарлы Қызылжар өңірі жыл сайын еліміздегі дәнді дақылдардың үштен біріне жуығын және майлы дақылдардың 40 пайыздан астамын өсіреді. Биыл қамбаға 5,3 млн. тонна астық құйылды. Өңір басшысының айтуынша, облыс диқандары 976,1 мың гектар алқапқа майлы дақыл сіңіріп, 966 мың тонна өнім жинады. Мұндай нәтижеге ауыл шаруашылығы саласында жоғары технологияларды қолданудың, минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың, сандық жүйеге көшудің арқасында қол жеткізіліп отыр. Бұл жұмыстар алдағы жылы да өз жалғасын табады.
Қызылжар өңірінде өндірісі тоқтап қалған кәсіпорындарды қайта іске қосу бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Құмар Ақсақалов қайтадан іске қосылған “Bio Оperations” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мысалға келтірді. Сегіз жыл бойы тоқтап тұрған өндірістік кешен бүгіндері бидайды қалдықсыз өңдеп, балауыз бен биоэтанол өндіреді. Жаңа инвесторлар кәсіпорынға 12 млрд. теңге қаржы құйған. Қазіргі уақытта серіктестікте биоэтанол өндірісі технологиясын жетілдіру мен жаңғырту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Дайын өнім Еуропа және Орта Азия елдеріне экспортталмақ.
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында “Қарапайым заттар экономикасын” қалыптастыру керектігі жөнінде айтты. Азық-түлікті, киім мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарды өз елімізде шығару мәселесіне назар аударды. Былтыр облыс орталығында “Радуга” ЖШС-і жеке индустриалдық аймақ құруды қолға алған болатын. Алты гектар аумақта орналасқан өндіріс орнында қырықтан астам өнім түрі шығарылатын болады.
– Биыл елордада өткен ХІ Астана экономикалық форумы аясында германиялық “CLAAS” компаниясымен меморандумға қол қойылғанын атап айтқым келеді. Бұл компания – сапалы ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы зауыттардың бірі. Тоғыз ай бойы жүргізілген келіссөздің нәтижесінде немістер болашақ жобаның кірісі мен шығысын есептеп, тәуекелдерді сараптап шықты. Жаңа кәсіпорын бұрынғы “Қазтехмаш” зауытының ғимаратында орналасатын болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Шетелдік компанияның көмегімен жергілікті диқандарды қолжетімді техникамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Инвестор инвестиция құйып, техника құрастырады. Ал мемлекет отандық агробизнес өкілдеріне сатып алатын техника құнының 25 пайызына демеуқаржы бөледі. Бүгінде алғашқы 29 комбайн құрастырылды. 2019 жылы 100 комбайн, 50 трактор және 50 егіс кешені шығарылады.
“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылып, оны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша 30 миллиард теңге бөлінеді. Бұл бағдарлама облысымызда қосымша 3 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, бюджетке түсетін салықтың көлемін 8,5 пайызға арттыруға және 80 миллиард теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі брифингте өңірімізде құрылыс саласында да оң өзгерістер бар екенін айтты. Егер үш жыл бұрын жергілікті құрылыс компаниялары бір мың пәтер тұрғызса, былтыр 1350 пәтер пайдалануға берілді. Ал биылғы жылы 1,6 мың отбасы қоныстойын тойламақ.
Өңір басшысы “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” Үндеуі аясында қолға алынған “7-20-25″ бағдарламасының жүзеге асырылу барысына да тоқталып өтті. Облыста алдағы үш жылдың ішінде 10 көпқабатты тұрғын үй салынады. Бағдарламаға қатысуға ниет танытқан азаматтардың бастапқы жарнасының бір бөлігін төлеп беру мақсатында облыс бюджетінен жыл соңына дейін 200 млн. теңге бөлу жоспарланған. Нәтижесінде 200-ге жуық бюджет саласының өкілі баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл жұмыстар біздің өңірде де сәтті жүзеге асырылуда. Келесі жылдың қаңтар айынан бастап аз жалақы алып отырған 144,6 мың солтүстікқазақстандықтың, оның ішінде 43 мың бюджеттік сала қызметкерінің еңбекақысы өсіп, табысы молаяды.
Еліміздегі ішкі көші-қонды реттеуге, тұрғындары көп өңірлерден жұмыс күшін тартуға бағытталған “Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару” бағдарламасының маңызы зор. Бағдарлама аясында биыл 1329 адамнан тұратын 400 отбасы Қызылжар өңіріне көшіп келді. Оларға жер телімдері бөлініп, егіншілікпен, мал шаруашылығымен, ара өсірумен, бағбандықпен, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасалды.
– Алдағы үш жылдың ішінде болашағы зор 302 ауылда үш мың тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Дәл осы ауылдардың жол, таза ауызсу мәселелерін шешуге, мектебі мен клубын жөндеуге, жергілікті шаруашылықтарға қолдау көрсетуге қаржы бөлінетін болады. Бұл өз кезегінде облыстың даму көрсеткішін арттырып, өңіраралық көші-қонды қалыптасқан теріс сальдоны 2019 жылы 2600-ге, ал 2020 жылы 1100 адамға азайтуға мүмкіндік береді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Биыл “Жас Өркен” және “Солнечный” шағынаудандарындағы 635 ескі үй сүріліп, оның орнына екі мыңнан астам пәтер мен әлеуметтік нысандар салынды. Орталық жылу және ауызсу жүйесіне қосылмаған апаттық жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан азаматтардың 92 пайызы жаңа әрі жайлы пәтерге қол жеткізді, қалғандары тиісті қаржыларын алды.
Облыс орталығында бой көтерген Оқушылар сарайы өңіріміздегі маңызды нысандардың біріне айналып үлгерді. Жоғары технологиямен жарақталған ғимарат жастардың зияткерлік даму орталығы, шығармашыл балалардың ордасы ретінде өзінің жұмысын бастады. Оқушылар сарайы бір мезгілде 1800 оқушы мен студенттің ІТ, көркемөнер, экология-биологиялық бағыттар бойынша білім алып, шеберліктерін шыңдауына көмектеспек.
Құмар Іргебайұлы баспасөз мәслихатында Айыртау ауданындағы энеолит дәуірінің ерекше археологиялық ескерткіші – “Ботай” қонысына да тоқталды. Мемлекет басшысының “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне ұлы даладан тарағаны айтылған. Бүгіндері ауданда “Ботай” мәдениетіне арналған мұражай ашу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 2 млрд. теңге бөлінеді.
Табиғаты сұлу, тарихи-мәдени орындарға бай Қызылжардың туристік мүмкіндіктері зор. Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында бірнеше заманауи демалыс орындарының құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта әлемдік талаптарға сай орындардың біріне айналғалы отырған бұл аймақ Қазақстанның ішкі және сыртқы туризмін 2023 жылға дейін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға енгізілген. Құмар Іргебайұлының мәлімдеуінше, туризм саласын дамыту ісіне тұсау болған жол мәселесі де шешімін табуда.
Бұдан бөлек, облыс орталығын көркейту бойынша кешенді жоспар жасалды. Мәселен, Петропавлда 500 орындық қазақ театрының және екі мектептің құрылысы қолға алынды. Сондай-ақ, көпбейінді аурухана, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттеріне арналған екі және колледж студенттері үшін үш жатақхана тұрғызу жоспарланған.
Елбасының тапсырмасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспары жасалған. Соған сәйкес 12 бағыт бойынша 48 жобаны жүзеге асырып, 14 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Осы кезеңде 300 млрд. теңгенің инвестиция тартылмақ. Бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады.
“Серпін” бағдарламасы аясында солтүстік өңірде білім алып, еңбек етіп жатқан азаматтардың жағдайын сұраған журналиске облыс әкімі оларға жергілікті билік тарапынан әр кез қолдау болатынын, еңбек етіп, осы өңірде қалуға ниетті жастардың баспана мәселесі де оң шешімін табатынын айтты.
Облыста ұлттық спорттың дамуы туралы сұраққа өңірде “Тұлпар” ат спорты түрлері және қазақ күресінен “Қызылжар арландары” спорт клубы құрылғанын, теннис орталығы пайдалануға берілгенін жеткізді. Жуырда олардың қатарын Батыр Баян атындағы спорт кешені толықтырды. Бұл нысандардың жергілікті өрендерді ұлттық спортқа баулуға көмегі зор.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.