Республикалық протез-ортопедия орталығының Петропавлдағы филиалы жыл басынан 2482 адамға қызмет көрсетті. Осыдан 17 жыл бұрын аязда қалып, бақайларын үсітіп алған Мейрам Ақановтың жарасы ушығып, бір аяғын тізесінен кесуге тура келіпті. Қаламыздағы аталмыш орталық жайында естіген Мейрам протез салдыру үшін Астанадан арнайы келген екен.
– Дәрігерлерге көріндім. Енді протезді күтіп жатырмын. Екі аптадан кейін дайын болады. Екі аяғыма тұрып, шауып кетемін деп ойлаймын, – дейді ол.
Мамандардың көмегіне жүгінгендердің бірі – Мәрзия Кабрашева. Ол суық күні далада қалып, қол-аяғын үсітіп алған. Қарағанды облысындағы қарттар үйінен келген әйел бұған дейін оң жағына жасанды аяқ салдырыпты. Енді, міне, көп күттірмей сол аяғына да протез қойғызып, біреудің көмегінсіз жүріп-тұрмақ.
Петропавл протез-ортопедия орталығы 75 орынға шақталған. Қазір мұнда жатқан 10 науқастың әрқайсысы протез дайын болғанша массаж алып, арнайы емдеу курстарынан өтуде. Цехта аптасына 2-3 протез әзірленеді. Бұл дегеніміз, 5-6 күн ішінде тағы бірнеше адам өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болмақ.
Орталықтағы мамандар жыл сайын шетелге шығып, біліктіліктерін арттырып тұрады.
– Жергілікті протез-ортопедия орталығы еліміздің Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстары, Астана қаласы мен біздің өңірдің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Кәсіпорын негізінен мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы біздің орталыққа жалпы сомасы 331 млн. теңгенің тапсырысы келіп түсті. Біз оның, әзірге, 87 пайызын орындадық. Биылғы жылдың 9 айында 2482 адамға қызмет көрсеттік. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3 мыңға дейін жетпек, – дейді “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының директоры Руслан Сақыпкереев.
Бүгінде аталмыш орталықта 83 қызметкер еңбек етеді. Мамандардың жұмысын жеңілдететін 120 заманауи құрылғы бар. Жұмыс сапасын жақсарту мақсатында олар жыл сайын жаңартылуда.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.