«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮМКІНДІКТЕР КӨКЖИЕГІ

Өткен жылдың наурыз айынан Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен “Бірдей мүмкіндіктер жолында” атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаның авторы “AmerikanCornerPetropavlovsk” Америка ақпараттық-мәдени орталығының үйлестірушісі Марина Бебко. Жоба бағдарламасы үш жылға шақталған. Оқыту әдістемесін автор өзі жасаған. Бұл жоба шала және толық есту қабілетінен айрылған балаларды әлеуметтік бейімдеуге, әлеуеттерін өз беттерімен дамытуға, өздерін қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінулеріне ықпал етеді. Ал дені сау балаларды кембағал адамдарға төзімділікпен қарап, олардың тұлғалық қасиеттерін сыйлауға үйретеді.

Аталмыш жоба есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне ағылшын тілін үйренуге қосымша мүмкіндік берді. Шала еститін балалардың шет тілін үйрену үдерісіне ата-аналардың да қатысуы оқытудың бұл түрінің бір жаңашылдығы болып табылады. Кітапхана балалар мен ересектерді білім және ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етіп, ата-аналар үшін семинарлар, тренингтер, оқушыларға ағылшын тілін үйрету бойынша курстар ұйымдастырады. Ол үшін заманауи дауыс күшейткіш FM-жүйесі қондырғысы алынды. Балалар кітапханашының, оқытушының сөздерін айналадағы шуға, арақашықтыққа, дыбыстық тербелістің жағдайына қарамастан таза естиді. FM-жүйесі осызаманғы құлаққа киетін аппараттар, кохлеарлық имплантпен де жұмыс істей береді.  

Бүгінгі таңда шала еститіндер сау балалармен бір топта оқу, “Rosettastone” арнайы оқыту бағдарламасы бойынша компьютерде жұмыс істеу, кітапхананың ақпараттық ресурстарын пайдалану және онда өткізілетін шараларға қатысу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, сабақ барысында оқушының физикалық дамуы мен есту ерекшелігін ескеретін арнайы оқулықтар, электрондық дыбыс және бейнематериалдар пайдаланылады. Барлық факультативтік сабақтар америкалық ақпараттық-мәдени орталық негізінде өткізіледі. Балаларға ойын түріндегі сабақтар ұнайды.

Жоба аясындағы жайлы ахуал мүмкіндігі шектеулі балалардың шет тілін үйренуімен қатар қоғамға бейімделіп, өз күштеріне сенулеріне жағдай жасайды. Оқытудың бұл түрі – есту кемістігі бар балалардың қиындықты жеңіп, өздерін қоғамымыздың толыққанды мүшесі сезінулерінің алғышарты.

Нұргүл ҚАРАТАЕВА,

есту кемістігі бар балаларға арналған

облыстық арнайы (түзету)

мектеп-интернаттың

тәрбиешісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp