«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮМКІНДІКТЕР КӨКЖИЕГІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына байланысты, руханияты мен мәдениетіне, қауіпсіздігіне қатысты салалар түгел қамтылып, алдағы жоспарлар нақтыланды. Соның ішінде Президент экономикалық мәселелерге ерекше тоқталып, осы саладағы көрсеткіштерді жақсарту бойынша бірнеше міндет қойып, оларды Үкімет деңгейінде, өңірлерде жүзеге асыру жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы: “Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады”, – деген болатын. Мұнда экономикалық құрылым, яғни өзгерістер жайлы айтылып отыр. Себебі, тың өзгерістер болған жағдайда ғана шағын және орта бизнес дамып, ел экономикасы мығым әрі тұрақты болады. Президент алдағы стратегиялық жоспарға осы мақсатты қойып отыр. Басы артық басқосу, конференцияларды қысқарту жөнінде берген тапсырмасы да құрылымдық өзгерістен туған мақсатқа кеп тіреледі.
Былтыр облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жаңа межелер белгіленген болатын. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне зор міндеттер жүктелді. Негізгі мақсат – еңбек өнімділігі және экспорт көлемін арттыру. Осы міндеттерді шешу үшін етті, сүтті мал, құс, өсімдік, суармалы егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы, экспорттық әлеуетті дамытуға басымдық берілді. Яғни, егін және мал шаруашылығы өнімдерін арттыру есебінен жалпы өнім көлемінің өсуі қамтамасыз етілетін болады. Бұл орайда жыл өткен сайын салаға бөлінетін қаржы көлемі арта түсуде. Мәселен, 2018 жылы облысымыздың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ел бюджетінен 35,5 млрд. теңге бөлінді. Ал былтыр бұл көрсеткіш 41,2 млрд. теңгені құрады. Агроөнеркәсіп кешенінде цифрландыру, озық технологияларды қолдану, минералдық тыңайтқыштарды енгізу бойынша жүргізілген шаралардың нәтижесінде салада 1,5 пайыздық өсім байқалып, 630 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
Жолдауда қозғалған мәселелердің Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылуына келсек, Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласының мүмкіншілігін толық пайдалана алмай жатқанымыз туралы айтып өтті. Осыған орай былтыр өңірімізде жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру, саланы жаңғырту жұмыстары сәтті жалғасын тауып, өз жемісін берді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 5 миллион тоннадан астам астық жиналды. Диқандар қажырлы еңбектің арқасында әр гектардан орта есеппен 16,8 центнерден өнім алды. Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті тұқым мен төрт түлік малдың қысқа қажетті азығы дайындалды. Әртараптандыру мәселесіне де көп көңіл бөлінген болатын. Майлы дақылдардың көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 36 пайызға артып, 970 мың гектарға жасымық, күнбағыс және зығыр егілді. “Солтүстік соясы” бағдарламасы аясында 20 мың гектарға аталмыш дақыл себілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 5 есе артық. 2020 жылы соя алқаптарының көлемін 150 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, табиғи таза өнім өндіру мәселесіне басымдық беруіміз қажет. Тұтынушы сапалы, қоспасыз өнім сатып алғысы келеді. Ол үшін экологиялық таза өнім өндіру керек және ол дүниежүзілік стандарттарға сәйкес сараптамалардан өтуі тиіс. Бүгінде елімізде органикалық өнім тек 350 мың гектар жерде өсіріледі. Бұл жалпы егістік көлемінің 1,5 пайызына тең. Әрине, химиялық қоспалармен өнім тез өседі, табысы да мол. Ал экоөнімдер туралы бұлай деп айта алмаймыз. Бірақ нарықта өз орнын таба білген кәсіпкерге мұнда да табыс жетерлік. Қазақстанға болашақта табиғи өнімді экспорттаушы елге айналатын мүмкіндік мол.
Әлемде эко­логиялық таза өнімге деген сұ­ра­ныстың артуы солтүстікқазақстан­дық шаруалар үшін табыс табу­дың көзіне айналатыны сөзсіз. Осы орайда Тайынша ауданындағы “Bio Оperations” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бидайды терең өңдеуді қолға алғаны белгілі. Бұдан бөлек серіктестікте крахмал, кілегей, ұн және құрамажем шығарылады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жылына 36 мың тонна биоэтанол шығаратын желі іске қосылады деп күтілуде. Оның қоршаған ортаға зияны жоқ әрі бензин мен мұнай сияқты сарқылмайды.
Президент Жолдауында суармалы жер көлемін 3 млн. гектарға немесе екі есеге ұлғайту жөнінде тапсырма берілді. Елімізде 575 мың гектар жер айналымнан шығып қалған. Тоқсаныншы жылдары шаруашылық каналдары мен кәріздік жүйелер, дренаж ұңғымалары қараусыз қалып, әбден тозды. Бүгінгі таңда Қызылжар өңірінде 2,8 мың гектар суармалы жер бар. Ал 1991 жылға дейін оның көлемі 27,6 мың гектарды құраған. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекет су ресурстары мен суармалы жерлерді тиімді пайдалану арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында айналымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда облысымызда 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары дайындалды. Мақсат – 6 ауданда 27,6 мың гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру. Атап айтар болсақ, қолға алынған шаралардың нәтижесінде Ақжар, Айыртау, Есіл, Қызылжар, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда суармалы жерлер қалпына келтірілмек. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін су жүйелерін қайта жаңғырту қажет. Қазіргі уақытта иесіз жатқан су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке өткізу рәсімдері жүргізілуде. Бұл жоспар толығымен жүзеге асырылған жағдайда ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісі артып, қосымша жұмыс орындары пайда болады.
Жолдауда Мемлекет басшысы өнімді шикізат күйінде экспорттаудан бас тарту керектігін атап өтті. Сыртқы сауданы тек шикізатқа негіздеу облыстың азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін және ет бағасының қымбаттауына алып келетін бірден-бір фактор. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына барынша көңіл бөлінуде. Мәселен, бидайды қалдықсыз өңдеуге кіріскен “Bio Оperations” ЖШС-і былтырғы жылдың он айында 2820 тонна глютен, 9949 тонна крахмал, 5196 тонна мал азығын дайындады. Өнімнің басым бөлігі Еуропа және Орта Азия елдерінің нарығына шығарылды. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жұмысын жүргізіп отырған “Тайынша Май” мен “Kazmeal” ЖШС-лерінің де өңір экономикасына қосып отырған үлесін айта кеткен жөн. Қытайлық әріптестермен бірлесіп ашылған кәсіпорындардың жылына 365 мың тонна қайта өңделген май шығаруға қуаты жетеді. Былтыр 17,2 мың тонна май мен 33,5 мың тонна күнжара экспорттады. Ал “Kazmeal” серіктестігінің құрамажем шығаратын роботталған зауыты жылына 360 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Дайын өнім Қытай еліне экспортталады.
Президент Жолдауда ауыл шаруашылығы саласында минералды тыңайтқыштарды тиімді қолдану мәселесіне де көңіл бөлген болатын. Жылда алқаптардан жоғары өнім алу үшін минералды тыңайтқыштар көптеп сіңірілуде. Мәселен, 2 млн. гектар дәнді және майлы дақылдар алқабына 2017 жылы 92 мың тонна, 2018 жылы 113 мың, ал 2019 жылы 115 мың тонна тыңайтқыш сіңірілді. Бұл ел бойынша жалпы мөлшердің 25 пайызын құрайды. Былтыр қамбамызды алтын дәнмен толтыру үшін көктем-жаз мезгілдерінде алқаптарға 120 мың тонна тыңайтқыш сіңірілді. Танаптар гербицидпен өңделді. Қазіргі уақытта шаруалар минералды тыңайтқышты 8 зауыттан сатып алуда. Олардың ішінде “Қазфосфат”, “ҚазАзот” және “Косагрокоммерц” кәсіпорындары отандық тыңайтқыштардың 80 пайызын шығарады.
Былтыр солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің өздері сұйық минералды тыңайтқыш өндірісін қолға алды. Алғашқы цех Тайынша ауданында ашылған болатын. Есіл ауданындағы Заградовка ауылында жұмысын жүргізіп жатқан “Прометей-Агро” ЖШС-і де бұл бағытта алғашқы қадамын жасауда. Жергілікті кәсіпкер қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға 40 млн. теңге жұмсады. Цех толық қуатына көшкен кезде жергілікті тыңайтқыштың бағасы екі есе арзандайды деп күтілуде. Сөйтіп, сұйық тыңайтқыштар жергілікті диқандар үшін қолжетімді болады.
Маңызды құжатта айтылған барлық міндеттер алтын бесікке баланған ауылдың әлеуетін жақсартып, кәсіпкерлердің қатарын көбейтуге, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік бермек.

Ерболат БЕКШЕНОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp