«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮМКІНДІКТЕР МОЛАЯ ТҮСТІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы еліміздің әрбір азаматы үшін жаңа бағдар болып табылады. Қазақстанды әлемнің жетекші елдерінің қатарына енгізудің стратегиялық және тактикалық жоспарының жалғасы іспеттес тарихи құжатта қаржыландырудың нақты көздері көрсетіліп, экономикалық бағыты айқындала түсті.

Тайынша ауданы – ауыл шаруашылығы саласында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізіп, серпінді дамуды жалғастырып келе жатқан аграрлы аудан. Бүгінде ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы мөлшері 45383,7 миллион теңгені құрап отыр. Агроөнеркәсіп кешені төрт жүзден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорнын топтастырса, оның жетпістен астамы – мал шаруашылығымен айналысатындар.

Облыс бойынша ауданымыз өсімдік шаруашылығын әртараптандыру арқылы майлы дақылдар алқабын ұлғайту бойынша көш басында. Майлы дақылдар егілген жердің көлемі 2014 жылы 117,1 мың гектар болса, дәнді дақылдар 438,1 мың гектар жерге себілді. Егістік алқаптарын суарудың жаңа қондырғыларын қолданып, картоп және көкөніс отырғызу барысында заманауи технологияларды пайдаланып келеміз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Мал басын “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары бойынша сатып алуға, “Тайынша-Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде асылтұқымды репродукторларды, Келлеровка ауылында сүт өндіретін цехты салуға, көкөніс пен дәнді дақылдарды сақтау қоймаларын одан әрі іске қосуға бағытталған кешенді жоспар жүзеге асырылуда.

Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту, несие беру және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсету керектігі баса айтылған болатын. Бүгінгі күні ауданымызда бір жарым мыңнан астам кәсіпкер болса, олардың 142-сі – жастар. Қызмет көрсету, сауда, ауыл шаруашылығы салаларында белсенді жұмыс атқарып келе жатқан 645 кәсіпкер әйел бар. Атап өтсек, “Қажманова”, “Айтмағамбетова”, “Максимова” жеке кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алса, “Искакова” жеке кәсіпкерлігі шағын қалалар бойынша берілетін несиені республика бойынша алғашқылардың бірі болып ресімдеді.

Өткен жылдың басынан бері “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша бес кәсіпкер жалпы 105 миллион теңге көлемінде несие алды. Былтыр құрылыс материалдарын жасайтын “Big Town Engineering” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, жиһаз жасайтын “Жилин” жеке кәсіпкері, мал сою цехы бар және еттен жасалатын жартылай дайын өнімдер жасаумен машықтанған “Жакупов” жеке кәсіпкерліктерінің өндіріс орындары іске қосылды. Полиэтиленнен жасалатын газ және су құбырларын өндіру бойынша Тайынша қаласында орналасқан “Көкше Техстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі полиэтилен құбырларын өндіретін үшінші желіні орнату ісін жоспарлы түрде жүзеге асыруда. Қазақстан Республикасының екінші бесжылдықтағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Индустрияландыру картасына жалпы құны 124 миллион теңге болатын Аққұдық ауылында орналасқан “Дорстрой инжиниринг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің керамзит зауыты енгізілді.

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолдауымен тұралап қалған кәсіпорын – “Биохим” акционерлік қоғамын іске қосу мәселесі жоспарға сәйкес шешілуде. Сонымен қатар, Тайынша қаласында май кластерін салу бойынша “ЭФКО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тобының инвестициялық жобасы қатыстырылуда.

Елді мекендердің экономикалық әлеуетін дамыту тұрғындардың белсенділігіне байланысты. Аудандағы мемлекеттік органдар “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Сыбаға” және тағы да басқа несие және лизинг бағдарламалары жайында, ауыл шаруашылығына жәрдемдесу түрлері туралы тұрақты түрде хабарландырып тұрады. Мұндай мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану арқылы аудан тұрғындарының мүмкіндіктер көкжиегі кеңи түсуде. Мәселен, Келлеровка ауылының жұмыссыз жүрген тұрғыны былтыр тәуекелге бел буып, 3 миллион теңгенің несиесін алды. Осы қаражатқа сауын сиырлар сатып алған ол қазіргі уақытта сүт өнімдерін сатып, пайда табуда.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына тайыншалықтардың қызығушылығы артып келеді. 2011 жылы кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген 15,7 миллион теңгенің микронесиесін 6 адам пайдаланса, 2014 жылы 11 кәсіпкер өз ісін кеңейтті, 26 адам бизнесін ашты. Бұл мақсатқа 90,5 миллион теңгенің несиесі алынған екен. Микронесиелер негізінен мал шаруашылығын дамыту мақсатында алынуда. Дәмханаларды кеңейту, ағаш өңдеу цехтарын ашу ісінде де мемлекет қолдауын көріп отырғандар аз емес.

Әлемдегі сын-қатерлерге тоқталған Елбасы тек мықты елдер және бірлігі бір халық қана бұл ғаламдық сынақтан өте алатындығын ерекше атап өтті. Ал тәуелсіздігіміздің тарихы – барлық этностар достығының тарихи шежіресі. Еліміздің құрылуына Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері қатысты. Мемлекетімізде мекен етіп жатқан барлық азаматтар түр-түсіне, тіл-діліне қарамастан, мемлекеттік қызметте, бизнесте, ғылым және білім саласында жұмыс істеп, спортта және шығармашылық саласында республикамыздың даңқын әлемге паш етуде. Өз тіліміз бен мәдениетімізді дамытуға, ел игілігіне жұмыс істеуге барлық мүмкіндік жасалған мемлекетіміздің ертеңіне бек сенімдіміз.

Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – Қазақстанның ұлттық идеясының басты қағидасы. Бұл идеология мемлекеттік органдардың, этномәдени орталықтардың белсенді, жүйелі жұмысына тікелей байланысты. Бұл бағытта ауданымызда 8 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, биыл тағы екі орталықты ашу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы биылғы жылды Қазақстан халқының Ассамблеясы жылы деп жариялады. Ассамблея жылының аясында ауданда “Бір ел, бір тағдыр” тақырыбымен мәдениет күндері басталды. Оның басты идеясы аймақ тұрғындарының ұлтаралық келісімін және бірлігін нығайту болып табылады.

Айтулы оқиғалар мен мерейтой күндеріне толы биылғы жылы ауданда да іс-шаралар легі көп болмақ. Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына “Қазақстан – мыңжылдықтың шежіресі” тарихи-патриоттық көрсетілім жоспарланып отыр. Жеңістің 70 жылдығына “Естелік уақыттан күшті” шеруін өткізіп, “Ата Заңға – 20 жыл” ақпараттық марафоны ұйымдастырылатын болады.

Серік САЛТЫҚОВ,

Тайынша ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp