«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰЗ АЙДЫНЫНДАҒЫ ТАРТЫС

Петропавл қаласындағы Спорт сарайында шайбалы хоккейден облыс әкімінің кубогы үшін жарыс басталды. Сайыста жүзден астам әуесқой спортшы жеті командаға бөлініп, бақ сынасуда.

Осымен бесінші мәрте өткізіліп отырған жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысушыларға өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.

– Бүгінгі таңда елімізде бұқаралық спортты дамыту бойынша біраз жұмыстар атқарылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 30 пайызға жетті. Соңғы бес жылда облысымызда 400-ден астам хоккей қорабы салынды. “Құлагер” хоккей клубы өткен маусымдарда Қазақстан кубогының екі дүркін иегері атанып, ел біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді. Биыл бұл клубтың жастар командасы өңір тарихында бірінші рет Жастар хоккей лигасына қатысу мүмкіндігіне ие болды, – деген Мадияр Дүйсенбайұлы жас ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығын оятуда осындай сайыстардың маңызы зор екендігін атап айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыстың бас төрешісі Александр Нелюбовтың айтуынша, хоккейшілер төрт ай бойы сайысады. Топтық кезеңнен сүрінбей өткен командалар ширек финалға, одан соң келесі жылдың наурыз айында өтетін ақтық сынға жолдама алады.

Доданың алғашқы ойыны Қызылжар мен Шал ақын аудандарының құрамалары арасында өтті. Тартысты бәсекенің нәтижесінде қызылжарлықтар 9:0 есебімен жеңіске жетті. Бұдан соң мұз айдынына Мағжан Жұмабаев пен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның хоккейшілері шықты. Бұл ойынның негізгі уақыты 4:4 есебімен тең аяқталғанымен, буллиттер сериясында мүсіреповтіктер жеңіске жетті.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp