Мектеп оқушылары арасында “Ақша қар” облыстық спартакиадасы жалғасуда. Дәстүрлі спартакиадада оқушылар спорттың 9 түрінен күш сынасуда. “Қарасай” стадионында кезекті спорт түрі – коньки жарысынан өткен бәсекеге 1997-1999 жылдары туған жастардан жасақталған 10 құрама команда, 80-нен астам спортшы қатысты.
Жарыстың қорытындысы бойынша 500 метр қашықтықта ер балалар мен қыздар арасында Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның намысын арқалаған Максим Соколовский мен Анастасия Заболотная алтыннан алқа тағынды.
Ал жарыстың екінші кезеңінде яғни 1000 метрлікте де мүсіреповтіктердің жолы болды. Ер балалар арасында Александр Попов жеңімпаз атанса, нәзік жандар арасында Анастасия Заболотная мәре сызығын бірінші болып қиды.
Жалпыкомандалық есепте Петропавл қаласы үздік үштікті тұйықтады. Ал Тайынша ауданы екінші болса, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан жеңіс тұғырына көтерілді.
Өткен жылдың желтоқсан айында басталған сайыс үстіміздегі жылдың наурыз айында қорытындыланбақ.