
Қазақстанның әрбір азаматы мынаны түсінуге тиісті: егер ол біреуге пара берсе немесе сондай деректі айтпай қалса, көрмегенсіп өтіп кетсе, яки жол берсе, онда күні ертең біліксіз дәрігерлермен беттесетін болады. Өйткені, ол дәрігер дипломды сатып алған болып шығады. Құлайтын құрылыстарға тап болады. Себебі белгілі, комиссия пара алып, үйді қабылдай салған және осы секілді жайттар шоғыры.
Ел ішінде аса екпінді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру керек. Халықтың санасына тереңдеп енген таптаурындарды сылып алып тастауға тиіспіз. Яғни, пара алу, әралуан схемаларға қатысып, биге шығу, соның жолдарын ойластыру дұрыс немесе өз мүмкіндігін пайдаланбаған адам ақымақ дегендей түсініктерге орын болмауы шарт. Әр адамның көз алдында өмірі өксіп кеткен парақор мен оның отбасының тағдыры елес беретін болсын.
Нұрлан Ерімбетов,
Қазақстанның азаматтық Альянсының президенті.
(«Егемен Қазақстан», 2014 жылғы 10 қазан.)