«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мұрагерлікке кімдер құқылы?

“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның салымшысы қайтыс болған жағдайда оның зейнетақы жинақтары кімге қалады?

Қажым ТӨЛЕБАЕВ,

Есіл ауданының тұрғыны.

Оқырман сауалына “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Рамазан Мұқанов жауап береді.

– Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарын заңнамада белгіленген тәртіппен өсиетхат бойынша да, заң бойынша да мұраға алуға болады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің ережелеріне сай мұрагерлер заң бойынша кезекпен шақырылады. Мұрагер болу құқығын бірінші кезекте мұра қалдырушының балалары, сондай-ақ, оның жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Бірінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екінші кезекте мұра қалдырушының бір әке, бір шешеден туған және әкесі немесе шешесі бөлек аға-інілері мен апа-қарындастары, сондай-ақ, оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесі тең үлеспен алады. Егер бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын үшінші кезекте мұра қалдырушының әкесімен бірге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. Егер бірінші, екінші және үшінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын мұра қалдырушының алдыңғы кезектегі мұрагерлеріне жатпайтын үшінші, төртінші және бесінші туыстық дәрежесіндегі туыстары алады.

Заңнамада белгіленген тәртіппен мұрагерлік құқық ресімделген және зейнетақы жинақтарын төлеуге қажет құжаттар “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ға берілген соң зейнетақы жинақтары мұрагерлерге зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініште көрсетілген банк шоттарына аударылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp