Бүгінгі нөмірде оқырмандарға мұрагерлікті рәсімдеу және қабылдаудың талаптарын түсіндіріп бергім келеді.
Мұрагерлік – өмірден озған азаматтың мүлкі басқа адамға, яғни заң тілімен айтқанда мұраны қалдырушыдан мұрагерге ауысады. Мұрагерлік өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Өсиет – азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлікке билік етуіне өзінің келісімін білдіруі. Азамат өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кіретін де, кірмейтін де бір немесе бірнеше адамға, сондай-ақ, заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етіп қалдыра алады. Өсиетті толық әрекет етуге қабілетті деп танылған азамат жасайды. Заң бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте мұра қалдырушының балалары, жұбайы мен ата-анасы тең үлеспен алады. Егер мұрагерлер болмаған жағдайда заң бойынша мұрагерлер ретінде көрсетілген тұлғалар шақырылады.
Мұрагер мұраны алу үшін оны қабылдауы тиіс. Мұраны шартпен немесе ескертпелермен қабылдауға жол берілмейді. Мұра ашылған күнiнен бастап мұрагерге тиесiлi деп танылады. Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариуста немесе заңға сәйкес жүзеге асырылады. Мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде қабылдануы мүмкін. Егер мұрагер мұраны қабылдау үшін белгіленген мерзімді дәлелді себептер бойынша өткізіп алса, онда мұрагердің өтініші бойынша сот бұл мерзімді қалпына келтіре алады.
Мұрагер мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алып нотариусқа мұраға құқық туралы куәлікті беру туралы арызбен жүгінгенде, ол арнайы қаулы шығарады. Аталған қаулыны алғаннан кейін мұрагер мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Мұрагер мұраны қабылдады деп танылған кезде сот барлық мұрагердiң мұрагерлiк мүлiктегi үлестерiн анықтайды және қажет болған жағдайда жаңа мұрагердiң мұрадан өзiне тиесiлi үлесiн алу құқығын қорғау жөнiнде шаралар белгiлейдi. Бұған дейiн берiлген мұраға құқық туралы куәлiктердi сот жарамсыз деп таниды. Мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн берiледi. Өсиет немесе заң бойынша нотариуста мұрагерлік куәлiктің берiлуiн сұраған адамдардан басқа мүлiкке не мұраға қатысты басқа мұрагерлер туралы анық деректер болмаса, куәлiк аталған мерзiмді күтпей-ақ берiлуi мүмкiн. Мұраға құқық туралы куәлiкті беру бойға біткен, бiрақ әлi дүниеге келмеген мұрагер болған кезде, ол туылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Мұрагер мұра ашылған күннен бастап алты айдың ішінде мұрадан бас тартуға құқылы. Дәлелдi себептер болған жағдайда бұл мерзімді сот ұзартуы мүмкін, алайда бұл екі айдан аспауға тиіс. Мұрадан бас тарту үшін мұрагер мұраның ашылған жерi бойынша нотариусқа арыз береді. Мұрагер мұрадан бас тартқан кезде басқа адамдардың пайдасына, оның iшiнде ұсыну құқығы бойынша мұра алуға шақырылған адамдардың пайдасы үшін бас тартатынын көрсетеді.
Ардақ ТАЙШЫБАЙ,
нотариус.