Тарихтан сыр шертетін сан ғасырлық мұралардың киелі ордасына айналған қаламыздағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында халықаралық мұражай күніне орай “Туған жердің аңыздары” тақырыбында арнайы шара өтті.
Мұражай қонақтары үшін көне және қазіргі Қазақстан тарихы мен мәдениетін баяндайтын залдарға тегін экскурсиялар ұйымдастырылды.
Дәстүрге айналған шара биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласындағы “Туған жер” бағдарламасының жүзеге асуына атсалысуды көздейді. Сондықтан келушілерге мұражай қорында сақталған құнды жәдігерлер – “Бабалар аманаты”, “Ескі қала аңыздары” және “Соғыс жылдарының аңыздары” ұсынылды. Рухани орынның табалдырығын аттағандарға қобыздың пайда болу тарихын айтып берді. Қонақтар мұражай залдары бойынша саяхат сызбасымен “Дана қарға аңыздарымен” танысып, “Қазба жұмбақтарын” шешті, сосын “Ежелгі ошақ жанында” от киесі туралы әңгіме тыңдады. Сондай-ақ, мұражай қонақтары балалық шақтарына саяхат жасап бес асық, ханталапай және т.б. ұлттық ойындар ойнап, ерекше әсер алды.
Облыстық мұражайлар бірлестігінің бөлім меңгерушісі Гүлжауһар Сәдуақасованың айтуынша, дәстүрге айналған “Мұражайдағы түн” акциясының мақсаты – халық ықыласын мұражайға бұру, рухани құндылықтарды, көне жәдігерлерді сақтап отырған мұражайға келушілер санын арттыру. Мұндай акцияларды жиі ұйымдастыру халқымыздың, еліміздің тарихын танып-білуге, кешегіміз бен бүгінгімізді зерделеуге мүмкіндік береді.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан.”