
Солтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігінде “Музейге сый тарту” акциясы аясында суретші, журналист, облыстың құрметті азаматы, марқұм Ожан Қалидың өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған кеш өтті. Оған қаламгердің туыстары, әріптестері, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты.
Ожан Амандықұлы – Есіл ауданындағы Сарман ауылының тумасы. Алматыдағы Абай атындағы институтты аяқтаған соң еңбек жолын “Ленин туы” газетінде әдеби қызметкер болып бастады. Бұл кез тың көтерудің нағыз қызған шағы еді. Жас маман газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінде еңбек етіп, тың игерушілер ерлігін газет бетінде кеңінен насихаттауға үлес қосты. 1969 жылдан бастап Ожан Қали республикалық “Социалистік Қазақстан” қазіргі “Egemen Qazaqstan” газетінің Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарындағы меншікті тілшісі болды. 20 жыл бойы екі облыстың өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет салаларының хабарларын республикалық баспасөз беттерінде үзбей жариялап, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленді.
Жазушының сурет өнерімен де айналысқаны белгілі. “Қылқалам иірімдері” сурет-альбом кітабында ұзақ жылдар бойы салған 150-ге тарта полотно-суреттерінің ішінен облыстық, республикалық, одақтық көрмелерге қойылып, жүлде алған суреттері іріктеліп алынған. Суретші осы көрмелердің дипломанты, лауреаты атағына да ие болған.
Екі жылдың ішінде музейдің қорына облыс, қала тұрғындарының отбасылық мұрағаттарынан танымал адамдардың 1000-ға жуық заты түскен. Олардың арасында Ожан Қалиға да тиесілі дүниелер бар. Көбін Амангелді қажы Кенжеғозин тапсырған.