«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰРАЖАЙ – АСЫЛ МҰРАЛАР МЕКЕНІ

Биыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайына – 90 жыл, облыстық бейнелеу өнері мұражайының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Қатарынан келген қос мереке аясында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оған Астана, Көкшетау, Ресей қалаларынан қонақтар арнайы келіп, әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтады.

Бүгініміз – ертең тарих. Бұл өмірдің жазылмаған заңдылығы. Келешек ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету үшін асыл қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі жас ұрпаққа аманат ету әр азаматтың парызы болып табылады. Осы жолда талмай еңбек етіп, тарихи құндылығы зор жәдігерлерді, құжаттарды, суреттерді сөйлете білген мұражай қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Қажырлы еңбектері мен ізденістері арқасында олар мұражайға келген әр адамды тарих сырларына қанықтырады.

Жылдар бойы жалғасқан жақсы дәстүрге сай көрші қалалардағы мұражай қызметкерлерімен “дөңгелек үстел” басында дидарласу осы жолы да өз деңгейінде жүзеге асты. Әріптестер, қонақтар, осы салада көп жылдар бойы еңбек еткен ардагер қызметкерлер бас қосуда мұражай өмірінің өткені мен бүгініне көз салып, болашағы жайында біраз тұшымды әңгімелер айтты.  

Конференциядан кейін оған қатысушылар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ашылған көрмені тамашалады. Облыс тұрғындары мен мерекеге келген қонақтарды мұражай бірлестігінің тарихымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрме “Уақыт сақшылары” деген тақырып аясын қамтыды. Оған қойылған фото-суреттерде мәдениет мекемелері қызметі кеңінен көрсетілген. Келушілер мәдениет ошағының жұмысымен танысып, фотожылнама арқылы бұрынғы жылдардағы экспозиция фрагменттерін көруге мүмкіндік алды.

Содан кейін салтанатты шара өтті. Мерекеге келген қонақтарды облыс әкімі Самат Ескендіровтің атынан облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаев құттықтап, ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі және облыстық мұражай ісін дамытуға қосқан зор үлесі үшін бірқатар қызметкерлерге Алғыс хат және Құрмет грамотасын табыс етті.

Салтанатты шара жергілікті өнер ұжымдары қойған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Тарихқа сапар мұнымен шектелген жоқ. Кешке қарай облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарын тосын сый күтіп тұрды. Мұражай қызметкерлері жиналғандар назарына Сабит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері және басқа да жергілікті өнер ошақтары қызметкерлерінің қатысуымен “Мұражайдағы 1000 және 1 түн” ертегі бағдарламасы бойынша арнайы дайындалған көрініс ұсынды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp