
Елімізде қауіпті індеттің таралуына байланысты көптеген кәсіпорындар мен ұйымдар өз жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болғаны белгілі. Мәдениет нысандары шектеу шараларын ескере отырып, қашықтан жұмыс істегенін айта кеткен жөн. Мысалы, музейлер тұрғындарға онлайн экскурсиялар өткізді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы көрермен назарына “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында бірнеше танымдық шара ұсынды.
Жуырда мәдениет ошағында Қазақстан халқының бірлігі күніне және Жеңістің 75 жылдығына орайластырылған “Достық. Елдік. Бірлік” атты мерекелік көрме өтті. Аталмыш мәдени іс-шара әлеуметтік желілерде, атап айтқанда, “Instagram” мен “Facebook”-те көрсетілді. Мұражай қызметкері әлеуметтік желі пайдаланушыларын қос мерекенің тарихымен таныстырып, оларға шағын экскурсия жасады. Мереке тарихынан хабардар ететін ерекше фотосуреттер мен маңызды құжаттардан бөлек, көрме залында облысымызда тұратын этнос өкілдерінің этнографиялық коллекциялары да қойылған, яғни олардың тарихынан сыр шертетін, өзіндік ерекшелігін көрсететін бұйымдар, құжаттар, ұлттық киімдер мен аспаптар қойылды. Сондай-ақ, көрме залының қабырғаларына Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған іс-шараларға қатысқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың фотосуреттері де ілінген. Жалпы көрмеге 100-ден астам жәдігер қойылды.
Бұған дейін облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай көрме ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, мұражай қызметкерлері әлеуметтік желілерде “Жәдігерлер сөйлесін” деген атаумен қазақ және орыс тілдерінде онлайн-демонстрациялар өткізіп тұрады. Бұл шаралардың барлығы “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілуде. Музей – ғасырлар өтсе де, асыл мұраларды саф алтындай таза күйінде сақтап, жинақтаушы, дәл сол қалпында келешек ұрпаққа жеткізетін ерекше орын. Музей уақыт еншісіне бағынбайтын, өткен мен бүгіннің, бабалар мен ұрпақтардың арасындағы байланысты үзбей, олардың арасын әрі қарай жалғастыратын көпір іспеттес.
Гүлгүл ТӨЛЕШОВА,
“Рухани жаңғыру” жобалық
кеңсесінің маманы