Қызылту ауылындағы өлкетану-тарихи мұражайы аудан орталығындағы №2 орта мектеп ғимаратында орналасқан. Бұл оқу ордасы өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде алдыңғы орындардан көрініп, елге танымал болған сарабдал білім ошағы. Мектепке көп жылдан бері жергілікті мәслихаттың депутаты Тұрлыбек Оспанов басшылық етеді. Бізге жәдігерлер орналастырылған бөлмелерді аралатып, көрсеткен де директордың өзі.
Мұражайда арғы-бергі тарихын тануға талпынған адамдарға таптырмайтын, халықтың көрсе көзі тоятын жәдігерлер бар екен. Бірінші бөлменің босағасын аттай бергенде сол жақта үсті көкшіл матамен көмкерілген үстелде жатқан ауқымы үлкен кітапқа көзіміз түсті. Сыртында “Алтын кітап” деген айшықты жазу бар. Ақтарып қарасақ, ауданның атақты адамдарының суреттері мен өмірбаяндарынан деректер берілген екен.
Осы бөлменің орта тұсына өткен жылдары табылған жүндес мамонттың сол жақ алдыңғы аяғының жілік сүйегі қойылған. Ол бұдан 100 мыңдай жыл бұрын біздің өлкеде болған мамонттың жілігі. Жәдігерді 2008 жылы осы ауданның Мырзағұл (Жамбыл) ауылының қасындағы көлдің жар қабағынан сол елді мекеннің тұрғыны Қуаныш Қабипов 18 метрдей тереңдіктен тауып алған болатын. Жіліктің ұзындығы – 92, бас жағының ені 32 сантиметр. Суретте Қуаныш Қабипов жілікті иығына салып көрсетіп тұр. Мектеп директоры бұл жілікті облыстық мұражайға бермей, өзімізде сақтап қалыпты.
Жіліктің тарихына тереңірек үңілер болсақ, қазіргі Батыс Сібір жазығы немесе ойпаты Құлынды даласы деп аталады. Біздің Уәлиханов ауданы Батыс Сібір жазығының оңтүстігінде орналасқан, бұл – Кайнозой эрасы. Ол кезде қалың орман, мүк ағаштар өте көп болған. Жүндес мамонттар осы жерде мекен еткен.
Қазақ-кеңес әдебиетінің іргетасын қалаушы Сәкен Сейфуллиннің серіктері Әлкей мен Қаскейдің көпшілік біле бермейтін суреттерін де осы мұражайдан табасыз. Сондай-ақ, Олжабай Мұқановтың соғыс кезіндегі планшеткасы мен құтысын да көріп тамашаладық. Латын әрпімен жазылған құжаттар да бар екен.
Элеватордың бірінші директоры Хамза Камалдинов, оның балалары Вячеслав пен Валерий Хамзаұлдарының фотосуреттерін көріп, таң қалдық. Валерий бүгінде Ресейдің еңбек сіңірген құрылысшысы болса, Вячеслав металлург.
Келесі бөлмеге қадам бастық. Мұнда киіз үй іспеттес отау және төрде ұлы Абайдың үлкен портреті бірден көзге түсті. Сол жақта шымылдық ілінген жасаулы кереует, екі шетінде қазақи киінген жігіт пен қыз. Қыздың басындағы сәукелесі ерекше көз тартады. Мұнда әр этностардың кішкентай ғана үйлері әсем безендірілген. Мысалы, орыс этносының үйінің макетінің жанына ұлттық киім киген жігіт пен қыздың нобай-суреті қойылса, ал татар этносы үйінің маңдайшасына көкшетаулық жазушы Ибрагим Салаховтың: “Мен – татармын. Бірақ мен өзімнің сүйікті Отаным Қазақстанды жақсы көремін!” деген сөздері айшықты жазылыпты. Украиндық бөлменің төріне Тарас Шевченконың суреті, неміс үйіне Герольд Белгердің, кавказ этносында Расул Ғамзатовтың, беларустікінде Брнислав Залесскийдің суреттері қойылыпты. Бәрінде түрлі этностардың күнделікті қолданған көне бұйымдары көзге түседі.
Марқұм Асылбек Темірғалиевтің мұражайға тарту еткен шоқпары мен насыбай үккіші, Марат Латыпов сыйға тартқан бір қойдың еті сиятын астауы, т.б. жәдігерлер көнеден сыр шертеді.
Шыға беріс қабырғада ілінген сөзі мірдің оғындай суырып салма ақын Шөженің үлкен портреті анадайдан көз тартады. Оның авторы жерлес суретші, бүгінде марқұм болған Серік Бижанов. Айтпақшы, Шөже ақын осы біздің Тоқсан көлдің маңында туған. Оны соқыр Шөже деп те атайды.
Мұражайдағы көптеген заттар – піспе, қазан-ошақ, самауырлар, қол диірмен, бағзы дәуірдегі киім-кешектер, зергерлік заттар секілді артефактілер ежелгі бабаларымыздың байқуатты болғанынан сыр шертеді. Мұражайға келген, ондағы көне заттарды көрген адамның көп мағлұмат алары сөзсіз.
Сағидолла ИКЕНОВ,
журналист.
Уәлиханов ауданы,
Кішкенекөл ауылы.