«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰРАЖАЙ – ОРНЫ БӨЛЕК МӘДЕНИ ОРДА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауы – сәт сайын құбылған бүгінгі заманда барлық қазақстандықтар үшін уақыт талабына сай жасалған айқын жоспар. Заманның беталысына қарай белгіленген межелерге қол жеткізу үшін осындай сын сағатта, ең бастысы, ауызбірлік пен ынтымақтастықты күшейтіп, алда тұрған ауқымды жұмыстарды жұмыла істеуіміз қажет.

Бүгінгі ахуал – тәуелсіз мемлекет атанған 25 жылдың ішінде қол жеткізген жетістіктерімізді сынға алып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт. Дәл осы кезде мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бәріміз бірлесіп, қарышты қадаммен алға басуымыз – заман талабы. Елбасы Қазақстан халқына арнаған 2015 жылғы Жолдауында: “Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз – Қазақстанды “Мәңгілік Ел” ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз”, – деп атап көрсетті. Мәні мен мағынасы терең осы сөздерді әрбір азамат ой-санасынан өткізіп, бар жүрегімен қабылдаса және еліміздің игілігі үшін аянбай тер төксе, арман-мақсатқа қол жеткіземіз.

Азаттық туын желбіретіп, тәуелсіздікті нығайту жолында тарихымыз түгенделіп, мәдениетіміз өркендеп келеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады. Тамыры тереңге созылған тарихымызды бағалау, оны насихаттау жолында біздің облыстық тарихи-өлкетану мұражайының атқарып келе жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Өткен жылдың қоржыны бәріміз үшін маңызы зор, тарихымыздың қалың қаптарына көз жүгіртетін оқиғаларға толы болды. Елімізде Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл, Ұлы Жеңіске – 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толуы айрықша аталып өтілді. Мұражайда “Бабадан мирас”, “Мәңгілік есімізде”, “Бірліктің бесігі” атты халықтың тарихи тамырын танып-білуін мақсат еткен үлкен көрмелер ұйымдастырылды. Мақсат – осындай іс-шаралар арқылы жастардың өткенге ойша сапар шегіп, алтынның сынығындай болған маңызды дүниелерді білуіне оң ықпал ету.

Жастар – халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Сондықтан да мұражай ісінің басты бағыттарының бірі – ата-бабаларымыздың кім болғанын, кең-байтақ өлкені қалай қорғағанын, бүгінгі тәуелсіздігімізді армандап, ел бірлігін сақтаған ерліктерін кейінгі ұрпаққа ұғындыру. Түрлі тақырыптарда өткізілетін мұражайлық сабақтар, интерактивті іс-шаралар, халық күнтізбесіне сәйкес өткізілетін танымдық жобалар аясындағы мұражайлық мерекелер де жастардың дүниетанымын, санасын, туған елге, жерге деген патриоттық сезімін оятып, болашаққа деген көзқарасын қалыптастырады.

2016 жылы да істелетін жұмыстар бекітіліп, бүгінде іс-шаралар жоспарға сәйкес жүргізілу үстінде. Барлық атаулы күндер, мерекелер, тақырыптары тарихымызбен байланыстырылған көрмелер, “Ашық есік күндері” сияқты шаралар кезегімен жүзеге асырылады. Өткізілетін шаралардың басты межесі – тарихымызға терең бойлап, құнды қазыналарымызды сақтай отыра, келер ұрпаққа мирас ету.

Биыл еліміз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына аяқ басып отыр. Мұражайымызда Қазақстанның тәуелсіздік кезіндегі дамуын көрсететін 3 залдан тұратын экспозиция бар. Бірінші зал “Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында” деп аталады. Қалған екеуі “Солтүстік Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында” және “Қазақстан – Ресей қарым-қатынастары” деген тақырыптарды қамтыған. Келушілердің назарына ұсынылған құжаттардың, фотоматериалдардың негізінде дамып келе жатқан экономика, мәдениет, халықаралық қарым-қатынасты көруге болады.

Бүгінгі таңда Тәуелсіздік мерекесіне орай түрлі шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде бастау алуда. Осы ретте мұражайда республикалық, облыстық деңгейде өткізілетін “Болашаққа ұмтылған Қазақстан”, “Қазақстан. Биік белестерді бағындыру”, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері”, “Солтүстік Қазақстан облысы Тәуелсіздік жылдары”, “Тәуелсіздік жаңғырығы” сияқты шаралар өткізілмекші.

Облысымыздың құрылғанына 80 жыл толуы да – өңіріміздің дамуын көрсетіп, атқарылған ауқымды істердің нәтижесін бағалайтын маңызды оқиға. Осыған байланысты мұражайда “Бірлік бесігі”, “Притяжение родной земли” тақырыптарында өңіріміздің өмірінен сыр шертетін көрмелер, жерлес ақын-жазушыларды еске алу кештері сияқты тағылымы мол кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Мұражай қызметкерлері келушілерді ата-бабамыздан қалған құнды қазыналардың тарихымен таныстыра отырып, Елбасының сындарлы саясатын насихаттап түсіндіруде ауқымды істер атқаруда. “Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындау мұражайлық сабақтардың негізгі арқауына айналды. Өйткені бұл, Президентіміз айтқандай, ақиқатқа айналатын арман!

Еркін ШАЛКЕНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану

мұражай бірлестігі

директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp