«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰРАТЫМЫЗ — “МӘҢГІЛІК ЕЛ”

Тағдырдың жазуымен ұлан-ғайыр жерімізді мекендеген 130-дан астам этнос өкілдері барша қазақстандықтардың темірқазығына айналған “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясының төңірегінде топтасып, бірлік пен береке бесігінде тербетіліп, өмір сүруде. Облыс орталығындағы №8 орта мектепте өткен “Мәңгілік Ел – халқымыздың ұлы мұраты” атты фестивальде еліміздің басты құндылығы этносаралық татулық пен келісім дәріптелді. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына арналған шараға өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, студенттер мен өнерпаз жастар қатысты.

Фестивальдің салтанатты ашылуында сөз алған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов этностардың достығын нығайту, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Біздің өңірімізде 90 этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосуда, жүздеген тұрғындарды қамтыған 24 облыстық және 154 аудандық этномәдени орталықтың жұмысы жыл сайын жандана түсуде. Олар мемлекетіміздегі тұрақтылық пен берекелі өмірге зор үлесін қосып отыр, – деді.

Бүгінде жастардың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді берік қалыптастыруда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының еңбегі зор. Құрылғанына аз уақыт болған кафедраның жұмысы жайында оның меңгерушісі Людмила Гривенная әңгімеледі.

Содан кейін сахна төрінде шырқалған түрлі этнос өкілдерінің әсем әндері, мың бұралған билері осынау мерейлі жиынның мағынасын одан сайын аша түсті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp