«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰСЫЛМАН ЕЛДЕРІНДЕ ӨСІМ БАР

1989 жылы КСРО халық саны бойынша әлем елдерінің арасында үшінші орын­ға шығып, АҚШ-ты артқа тастады. Одақ тарағаннан кейін демографиялық көр­сеткіштерде айқын айырмашылықтар байқала бастады. Соңғы 33 жыл ішінде посткеңестік елдердің алтауында халық саны өсіп, тоғызында көрсеткіштер кері кеткен. Демографиялық өсім Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты Орта Азия елдері мен Әзірбайжанда қарқын алған.

Байқап отырғанымыздай бұрынғы кеңестік аумақ­тағы түркітілдес елдердің демографиялық ахуалы әл­деқайда жақсарған. Осы уақыт аралығында Әзірбай­жан халқы 88 пайызға көбейіп, 10 миллионға жеткен. Пайызға шаққандағы рейтингтің екінші орнына Өз­бекстан тұрақтап, олар 79 пайызбен 37 миллионнан асқан. Көршілес Түркіменстанда да халық саны 3,7- ден 6,3 миллионға жеткен. Қырғызстан халқы 65, Тәжікстан халқы 43 пайызға көбейсе, Қазақстандағы өсім — 23 пайыз. Жалпы 33 жылдағы аталған алты ел­дегі адам саны 10 миллионға артқан. Егер 1991 жылы түркітілдес республикалардың халқы Кеңес одағының 20 пайызын құраса, 2024 жылы посткеңестік елдердің әр үшінші адамы түркі мемлекеттерінде тұрады екен. Бұдан бөлек, аталған елдерде жергілікті титулды ұлт­тардың да үлесі артқан. Мысалы 1989 жылы Қазақстандағы қазақтардың үлесі 40 пайызға жетпесе, соңғы деректер бойынша 70 пайыздан асқан. Әзірбайжан­дардың өз еліндегі үлесі тоқсан пайыздан көп. Одақ тарар тұста Қырғызстандағы екі тұрғынның бірі қыр­ғыз болса, бүгінде бес адамның төртеуі жергілікті ұлт өкілі саналады. Жалпы тәуелсіздік жылдары барлық 15 мемлекетте орыстардың үлесі азайғаны байқалады.

Ал бұрында одақ құрамында болған өзге елдерде ха­лық саны 1991 жылмен салыстырғанда азайған. Анти­рекордты 44 пайызбен Молдова бастап тұр. Түрлі се­бептермен Украина халқы да 27 пайызға кеміген. Гру­зия, Литва, Латвияда бұл көрсеткіш 20-30 пайыз ара­сында. Ресей, Беларусь, Армения мен Эстониядағы жағдай да көңіл көншітпейді.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp