
Петропавлдағы Спорт сарайында қазақ күресінен “Қызылжар барысы” облыстық турнирі өтті. Оған 13 ауданнан және Петропавл қаласынан салмағы 90 килограмнан жоғары 30 балуан қатысып, облыс әкімінің жүлдесін сарапқа салды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және “Қазақстан барысы” турниріне 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған бәсекеде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов сайдың тасындай іріктелген спортшыларға өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.
“Соңғы жылдары өңірімізде қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Аудан орталықтарында заманауи спорт кешендері тұрғызылуда. Алып күш иелері Балуан Шолақ, Қажымұқан бабаларының жолын қуған бозкілем шеберлері 13 спорт мектебінде жаттығады. Осыдан үш жыл бұрын құрылған “Қызылжар арландары” кәсіби клубы екі мәрте Қазақстан кубогының қола жүлдегері атанып, конфедерация кубогын жеңіп алды”, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Халқымыздың рухын асқақтатып, жігер-намысын қайрайтын ұлттық спорттың бекзат түрі саналатын қазақ күресі – нағыз ерлерді сынға салатын дода екенін осы жолғы аламан бәйге тағы бір мәрте байқатты. Әр белдесу арыстандай алысқан, жолбарыстай жұлысқан хас батырлардың жан алысып, жан беріскен шайқасына ұқсады.
Жауырыны жер иіскемеген, бабы мен бағы келіскен тау тұлғалы төрт палуан жартылай финалға дейін алқынбай жетіп, өзара жүлделі орындарды бөлісті. Боз кілемге “Қызылту барысы” деген лақап атпен шыққан Алтынбек Аусағитовты атағынан ат үркетін Мұхит Тұрсынов ақтық сында таза ұтып, оған жеңімпаздың белдігі мен 500 мың теңгенің, ал Алтынбекке 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Үшінші орынға ие болған Әлібек Ғосмановқа (Қызылжар ауданы) 200 мың теңгенің сертификаты бұйырды.
Мұхит соңғы бірнеше жыл қатарынан “Қызылжар барысы” атанып жүр. Ол 2014 жылы “Қазақстан барысында” жеңіске жеткенін айта кеткен жөн. Әлем чемпионатында топ жарған.
“Қызылжар барысында” алтын және күміс жүлдегер атанған Мұхит Тұрсынов пен Алтынбек Аусағитов “Қазақстан барысы” республикалық додасында облыс намысын қорғайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.