Әр адам қандай жетістікке жетсе де, оның артында білім берген ұстаздардың еңбегі жатыр. “Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез” деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау өте маңызды. Үстіміздегі жылы күшіне енген “Мұғалім мәртебесі туралы” Заң ұстаз қауымының қоғамдағы орнын айқындап берді.
Жыл сайын қаншама жас мұғалімдік мамандықты игеріп, диплом алғанымен, педагогикалық салада кадр тапшылығы азаяр емес. Себебі, мектептерге, әсіресе, ауылдық жерлерге білікті кадрларды тарту және олардың тұрақтап қалуының тиімді тәсілі ойластырылмаған. Ал көптен күткен заңның қабылданып, күшіне енуі осы мәселелерді шешеді деп ойлаймын.
Бұл заң мұғалімнің құқықтық жағдайын, әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғалуын реттейтін болады. Сонымен бірге мұғалімнің қоғам алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі де нақты айқындалды.
Аталған заңның орындалуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық білім басқармасымен, оның аудандағы бөлімдерімен және білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлескен жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде облыстағы білім беру ұйымдарындағы жұмыс аптасының ұзақтығы жайлы келісімге қол қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында “Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз”, – деп атап өткен болатын.
Осы орайда айтпағымыз, мұғалімдерге коммуналдық төлемдер үшін өтемақы беру үлкен қолдау болар еді. Тегін медициналық тексерілу тек Аққайың, Есіл, Мамлют, Мағжан Жұмабаев және Шал ақын аудандарында, ал коммуналдық төлемдерді өтеу мәселесі Есіл мен Мағжан Жұмабаев аудандарында шешілген. Педагогикалық қызметкерлер үшін аталған әлеуметтік кепілдемелерді жақсарту мақсатында аудан әкімдеріне, білім бөлімдеріне бюджетті жоспарлау мен білім беру қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жөнінде хаттар жібердік.
Үстіміздегі жылы 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісімге қол қою жұмысын қолға аламыз. Бұл келісімде қабылданған заңға сәйкес сауықтыру жәрдемақысын беру мәселесі қарастырылатын болады. Кәсіподақ ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы білім беру саласындағы азаматтық қызметшілердің де сауығуына төленетін жәрдемақының көлемін ұлғайтуды ұсынады.
Бір сөзбен айтқанда, “Мұғалім мәртебесі туралы” Заң қоғамда педагогтардың әлеуметтік кепілдік жүйесін құрып қана қоймай, олардың мәртебесін, кәсіби біліктілігін жоғарылатып, шығармашылық ынтасын арттырып, білім сапасын жақсартады. “Алты алаштың баласы бас қосса төрдегі орын – мұғалімдікі” деп Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай, болашақта ұстаздарға көрсетілетін сый-құрмет ерекше болады деген сенімдеміз.
Берік АЮПОВ,
облыстық білім саласы қызметкерлері
кәсіподағының төрағасы.