«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰҒАЛІМ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ

Осыдан бес жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді құшақ жая қарсы алып, олардың ұстазы атанғандағы қуаныш сезімім әлі күнге дейін есімде. Мектеп партасына алғаш отырған оқушылардың бал-бұл жанған жүздерін көріп, “Әліппені” қолдарына ұстатқан кез мен үшін өте ыстық әрі толғанысқа толы сәт болды.

Оларды жоғары сыныпқа шығарып салсам да, “Бесіктегі баланың күлгенін көрген – бір мұрат, Алдына түсіп ананың жүргенін көрген – бір мұрат” дегендей, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттерімнің болашағына әлі де болса алаңдаймын. Оқушыларым бастауышты аяқтағаннан кейін тәжірибелі әріптесім Алмагүл Сүлейменованың алдына барды. “Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді”, – деп ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллин айтқандай, жас маманның ұжым мен оқушылар арасында беделі жоғары, болашағынан зор үміт күттіретін тәлімгер ретінде танылғанын айтып өткен жөн.
Ол үнемі тынымсыз ізденіс пен шығармашылықты жаны қалайтын ұстаздыққа риясыз берілген жан. Әртүрлі дәрежедегі байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Жас маман өз біліктілігін арттырып отыруға ден қойған. Соның нәтижесінде оның ғылыми-танымдық мақалалары баспасөз беттерінде үздіксіз жарияланып тұрады. Ол оқушымен де, ата-анамен де тығыз байланыс орнатқан. “Шәкірттерімді адамгершілік рухта тәрбиелеуге тырысамын. Осы жолда бар ынтаммен ізденіп, олардың қазақ әдебиетіндегі Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды нар тұлғаларға ұқсап, халықтың перзенті болуына күш-жігерімді жұмсаудамын”, – дейді тәлімгер.
Мұғалім болған соң өзгелерді өнер-білімге баули жүріп, өзің де бойыңа көп нәрсені сіңіресің. Алмагүл Есілбайқызы тәжірибесін шыңдай түсу мақсатында көп ізденеді. Соның нәтижесінде шәкірттерін жан-жақты білімді етіп тәрбиелеуге ұмтылады.
Алмагүл Сүлейменова сынды ұстаздар мектептің жүрегі десек, артық айтқандық емес.

Әлия ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі.

СУРЕТТЕ: Алмагүл Сүлейменова.
Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp