1 желтоқсан – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы күндердің бірі. Өйткені, 1991 жылы дәл осы күні бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев егемен елдің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, шекарасын шегендеп, болашаққа бағыт-бағдар берген Елбасының Қазақстанды Тәуелсіздік алған сәттен бастап дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізудегі еңбегі ерен, үлесі өлшеусіз. Қоғам қайраткері, журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменовтің ойы да осыған саяды.
– Тұңғыш Президент күнін атап өтуіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ел басқарудағы еңбегіне деген құрметтің бір белгісі деп түсінеміз ғой.
– Еліміздің Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне ой жүгіртсек, елу жылда емес, отыз жылға жетер-жетпес уақытта жаңарған мемлекетіміздің өміріндегі түбегейлі өзгерістерге куә боламыз. Менің ойымша, Тәуелсіздік алған күннен бастап мемлекетіміздің осындай дұрыс жолды таңдап, болашағымыздың жарқын болуына жол ашқан бірден бір тұлға – ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. 2011 жылы Парламент депутаттары арнайы заң қабылдап, 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні деп жариялады. Сол ортада өзімнің де болғанымды, тарихи шешім қабылдауға қатысқанымды мақтаныш етемін. Жалпы, мұндай мереке біздің елде ғана емес, Америка Құрама Штаттары, Англия, Исландия сияқты өзге мемлекеттерде де бар. Кейбір елдер Тұңғыш Президенттің не болмаса, елдің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлғалардың күндерін атап өтуді бұрыннан дәстүрге айналдырған. Мұндай қадамды мен, жеке адамның өміріне, еңбегіне ғана берілген баға емес, жалпы Президент институтын таныту, беделін арттыру мақсатында жүзеге асқан шара деп бағалаймын.
Осыдан отыз жыл бұрынғы жағдайды алып қарайтын болсақ, еліміз Тәуелсіздік жылдары шын мәнінде үлкен жолдан өтті. Меніңше, ғасырға пара-пар жолдан өтті. Бұл асыра айтқандық емес. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Кеңес өкіметі ыдыраған тұста бір одақ астында күн кешкен мемлекеттер үлкен сын-қатерге тап болды. Кейін көзіміз сан мәрте жеткеніндей, жаңа дәуір, біз күтпеген жаңа өзгерістер иірімі, шынында да, күшті болып шықты. Сол кезде елге тарихтың күресінінде қалатындай қауіп төнгенін сезбеген де екенбіз. Тәуелсіздікті алудан оны баянды ету, мемлекеттікті орнату жолы соқтықпалы-соқталы болды. Одақ тарағаннан кейін бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп қалды, ұжымшарлар мен кеңшарлар ыдырады, зауыт-фабрикалар жабылды, балабақшалар, мектептер, мәдениет ошақтары талан-таражға түсті, жұмыссыздық орын алды. Міне, осындай жағдайда нарық талаптарына сәйкес елімізде жаппай жекешелендіру басталды. Шыны керек, халық оған дайын болған жоқ. Сөйтіп, ел күйзеліске ұшырады.
Осындай күрделі кезеңде мемлекетімізге билік тізгінін мықтап ұстай алатын, елді дамудың жаңа жолына бастайтын көшбасшы керек болды. Таңдау Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті. Халық қателескен жоқ. Бағымызға қарай, Елбасы сол бір сын сағатта жүргізіліп жатқан түбірлі өзгерістердің мәнін ой елегінен өткізіп, одан кейінгі даму үрдістерін алдын ала көре білді, ондаған миллион адамдардың мүддесіне сай келетін тиімді қайта құру стратегиясын ұсынды, оны неғұрлым қысқа мерзімде жүзеге асыру міндетін қойды.
Ол экономикалық күйзелістердің шытырман бұғауына іліккен, тығырыққа тірелген елді үйіп-төгіп уәде беріп жұбатқан жоқ, алда бұдан да тосын жайлар күтіп тұрғанын ескертіп, халықтың жігерін жанып, қайрай түсуді, қолда бар күштерді ширықтыруды ойлады. 90-ыншы жылдардың басында Нұрсұлтан Әбішұлы аттан түспеді десек те болады, жергілікті жағдаймен танысу мақсатында өңірлерге жиі шығатын. Біздің облыста да бірнеше рет болғаны есімде. Елең-алаң шақ, қиындық деген бастан асып жатыр. Бірақ соған қарамастан, Президент шаруашылықтарды аралап, тұрғындармен кездесіп, жағдайға қанықты. Ол кезде мен Қазақ радиосының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі едім. Екі күн бойы Президентке ере жүріп көп жайды көңілге түйдік.
Соңғы кездесу облыстық әкімдіктің үлкен залында өтіп жатты. Осының алдында Президенттің баспасөз хатшысы Нұрлан Дәненовке Нұрсұлтан Әбішұлынан сұхбат алғым келетінін білдірген едім. Шынымды айтсам, баспасөз хатшысының өтінішімді Президентке жеткізетініне, ал ол кісінің келісім бере қоятынына аса сенген жоқпын. Бір кезде облыс әкімінің баспасөз хатшысы Галина Райш қасыма келіп: “Сіз әуежайға жүре беріңіз, сол жерде Президент сұхбат береді”, – деді. Содан облыстық телерадиокомпанияның операторы Серік Майлин екеуміз алып-ұшып әуежайға жеттік. Күз. Теріскейден суық жел соғып тұр. Ұшақ от алдырып қойыпты. Соған қарап Президенттің бізге сұхбат бере қоятынына күмәндана бастадық. Осылай тісіміз-тісімізге тимей дірдектеп тұрғанымызда, Президенттің кортежі де келіп жетті. Нұрсұлтан Әбішұлы, қасында облыстың сол кездегі әкімі Владимир Гартман бар, бір топ адам ұшаққа беттеп келеді. “Қайдағы сұхбат, кетті” деп тұрмыз. Бір кезде бізбен қатарласа бере, Президент жалт бұрылды да қасымызға келді. Қысқа ғана амандасты да, ал сұрағыңды қоя бер деді. Уақытының тығыз екенін көріп тұрмыз. “Мына қалыптасқан жағдайда халыққа не айтасыз? Қиындықтан шығудың жолдары бар ма?” деп, бір ғана сұрақ қойдым. Ол: “Әлемнің бірде-бір елі қалыптасу кезеңінде дағдарыс құбылыстарын орап өте алмаған. Мұның алдымен экономикаға қатысы бар. Мен Қызылжардың ірі өндіріс орындарында, шаруашылықтарында болдым, осы салалармен біте қайнасып келе жатқан басшылармен, мамандармен әңгімелестім. Нарықтың салқыны байқалады. Ал алдағы уақытта ол одан әрі тереңдей түседі, дағдарысқа ұласуы ғажап емес. Сондықтан халыққа айтарым, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып іске жұмылайық, қиындықтарға бірге қарсы тұрайық. Жоспарлы-әкімшілік экономика, одақтық өндірістік тізбектер мен экономикалық байланыстар үзілген жағдайда бізге өз жолымызды іздеуге тура келеді. Бұл кезең – еліміз үшін, халқымыз үшін үлкен сын”, – деді.
Осылай қара бұлтты төндірмесе де, алда қиын күндер келе жатқанын бүкпесіз білдірді. Өзіне сенім артқан халқын құрғақ уәде беріп, жұбатпады. Жағдайдың күрделі екенін, бұдан да зор қиындықтар болатынын ашық айтты. Халықты сол қиындықтарды жеңуге жұдырықтай жұмылуға шақырды. Осындай туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бойына сіңген тыңнан төте жол табар көрегендігі, батылдығы, жаңашылдығы, алға қойған мақсаттарға жету жолындағы ерік-жігерінің арқасында Тұңғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын сұңғыла саясаткер және дара тұлғаға айналды.
Одан кейінгі талай кездесулерде де оның еш нәрсені бүркемелемейтінін, шындықты бетке айтатынын аңғардым. 2005 жылдың ақпан айында халыққа кезекті Жолдауын жариялаған Елбасы өзінің аймақтарға алғашқы сапарын Солтүстік Қазақстан облысынан бастады. Бәрі күні бүгінгідей көз алдымда. Бұл жолы да бірнеше кәсіпорында болды, облыстық драма театрында өткен актив жиналысынан кейін оңаша бөлмеде облыстық “Северный Казахстан” газеті бас редакторының орынбасары марқұм Николай Дроздецкий екеуміз Президенттен көлемді сұхбат алдық. “Өткенді ойға оралтқанда уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шықты және есте қалмағандай деп жиі айту әдетіміз. Мұндай сөзді тек бейғам адамдар ғана айта алады. Біз, қазақстандықтар, олай дей алмаймыз. Себебі, біз өзіміздің барлық жетістіктерімізді үлкенін де, кішісін де білеміз әрі жадымызда. Бүгінгі таңда бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып отырған жетістіктеріміз жасампаздық еңбекпен және көнбістігімізбен, біліммен, мақсаткерлігімізбен, ерік-жігермен және топтасқандығымызбен қолымызға тиіп отыр”. Бұл – сол кездесуде Президент айтқан ойдың бір парасы ғана.
– Парламент депутаты болған кезіңізде де Елбасымен талай рет кездескен шығарсыз?
– Елбасының өзім байқаған тағы бір жақсы қасиеті ол кісі түрлі шараларға қатысқанда халықтан оқшауланып тұрмайды. Парламентте болмаса “Нұр Отан” партиясының орталық аппаратында өткен жиындарда да Президент негізгі мәселелер талқыланып болғаннан кейін депутаттар арасына келіп, әңгімені одан әрі жалғастырып әкететін. 2010 жылы Елбасы бастаған ресми делегация құрамында Қытайға бардым. Президент “аспан асты” елінің сол кездегі басшысы Ху Цзиньтаомен келіссөздер жүргізіп, Қазақстан үшін аса маңызды бірқатар мәселелердің ойдағыдай шешілуіне қол жеткізді. Кешкілік Нұрсұлтан Әбішұлы аз құрамда делегация мүшелерімен кездесіп, алғашқы күннің қорытындылары жайлы сөз сабақтады. Біраз отырғаннан кейін маған көзі түсіп, қасына шақырып алып, әңгімеге тартты. Сол сәтке дейін ол мені депутат ретінде білгенмен былай тани қоймайтын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ Мемлекет басшысы әңгіме барысында 90-ыншы жылдардағы алғашқы, одан кейінгі де кездесулерімізді есіне түсіріп, жылы шырай танытты. Ол біраз әңгімелесе келе, тілге қатысты мәселелерді қозғады. Аударма жайына тоқталды. Маған: “Сіз журналиссіз ғой, осы мәселелерді неге көтермейсіз, әріптестеріңізге неге айтпайсыз?”, – деді. Сол кездесуде мен оның қарапайым, көпшіл екенін аңғардым. Бәрімізбен жылы сөйлесті.
Елбасының өзге де адами жақсы қасиеттерін онымен жақын араласқан танымал тұлғалар мен ақын-жазушылар да айтып жүр ғой. Мысалы, ол кісіні жақсы білетін, қызметтес болған, Қазақстан үкіметін 14 жыл басқарған мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімов көзі тірісінде Қызылжарға келген бір сапарында еліміз, аумалы-төкпелі заманда оны адастырмай алып келе жатқан Елбасы туралы елжірей сөз сабақтағаны есімде. “Мен Нұрсұлтан Әбішұлы ел басшылығына келгенде оның қолына қандай мұра тигенін жақсы білемін. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстардың аяқ астынан үзілуі біздің елімізді қиын жағдайға душар етті. Бәрін тақыр жерден бастауға тура келді”, – деген еді. Ал жерлесіміз көрнекті мемлекет қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов: “Біз тәубе деуіміз керек, Алла тағала бізге көреген басшы берді. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы алмағайып жылдары биліктің екі тізгін, бір шылбырын кемел тұлғаның қолына ұстатпай, бас-басына би болған өңшең қиқымның ырқына жібергенде, дағдарыстан шығудың ауылы алыстап кетер еді. Халықтың қателеспей, сол бір кездегі дұрыс таңдау жасай білгендігіне осы күндері шүкіршілік те етеміз” – деп, үнемі Елбасына деген сүйіспеншілігін білдіріп отыратын.
– Айтса айтқандай, Нұрсұлтан Әбішұлының елді дамыту жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Дегенмен, Сіз ол кісі ел басқарып тұрған кездері шешімін тапқан қандай мәселелерді бөле-жара айтар едіңіз?
– Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Оның көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жапты. Осы бір батыл қадамының нәтижесінде мемлекетіміздің қауіпсіздігіне кепілдік алдық. Осылай бүкіл әлем Қазақстанның ешкімге көз алартпайтын бейбіт ел екеніне көз жеткізді. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап елімізді мекендеп жатқан сан алуан ұлттар өкілдерінің бірлігін мемлекет саясатының басты басымдығы ретінде белгілеп, тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етті. Бұл да оңай шешілген мәселе емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың арасына іріткі салып, шиеленістер туғызғылары келгендер болды. Оларға ақыл-оймен, сындарлы саясатпен тойтарыс берілді.
Елбасының астананы Арқаға көшіруі де тарихи шешім болды деп ойлаймын. Қиын-қыстау кезеңде астананы көшіру жөніндегі Президенттің бұл бастамасын батылдық пен батырлық демеске болмас. 2007 жылы Астананың 10 жылдығында орай “Конгресс Холл” залында салтанатты кеш ұйымдастырылып, Елорда туралы фильм көрсетілді. Сол туындының бір тұсында Әбіш Кекілбаевтың жарқ ете қалмасы бар ма. Жүзі сынықтау көрінді. Оны Елбасы да байқап қалған екен, Нұрсұлтан Әбішұлы залда отырған Әбіш Кекілбаевқа: “Әбіш, көрдің бе астананың қандай болғанын? – деді. “Сен де қарсы болып едің ғой” дегенді тағы қосып қойды. Расында да, сол кезде ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруге қарсылық білдіргендердің қатары қалың болды. Сондай жайттарға қарсы тұрып, астананы Арқаға көшіру үлкен ерлік дер едім. Нұрсұлтан Әбішұлы, сондай-ақ, сыртқы саясаттағы тың бастамаларымен еліміздің халықаралық беделін арттыруға көп еңбек сіңірді. Соның нәтижесінде достарымыз көбейіп, тілектес елдер қатары артты. Бүгінде АҚШ сияқты қуатты мемлекеттердің өзі Қазақстандағы жағдайға сергек қарап, инвестиция салуға, ынтымақтастық орнатуға мүдделі болып отыр. Бұл да көші көлікті, саясаты салмақты да сабырлы Елбасының сан қырлы қызметінің мәуелі жемісі.
Әңгімелескен
Бердімұрат БАЙМҰҚАН,
журналист.