«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТКЕ ДЕ БАРЫНША МӘН БЕРІЛУДЕ

Облысымыздағы мәдениет саласының дамуы қандай деңгейде? Биылғы жылы қандай мәдени ескерткіштерге күрделі жөндеу жүргізілмек? Мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы қашан көтеріледі? Облыстағы мәдениет және мұрағат саласына қатысты осы сынды өзге де өзекті мәселелер “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаев өткізген баспасөз конференциясында айтылды.

– Қазіргі таңда облыста 554 мәдениет және өнер ұйымдары бар. Оның 457-сі – мемлекеттік меншікте, қалған 97 мекеме – жекеменшік иелікте. 3 театр, бір филармония, 223 клуб пен 313 кітапхана, 12 мұражай және кинобейне қорды сақтау орталығы қызмет етеді. Үстіміздегі жылы 5 ауылдық орталық пен бір клуб пайдалануға берілді, – деген басқарма басшысы үстіміздегі жылдың 5 айында мәдениет және мұрағаттар ісінің атқарған жұмысына тоқталып өтті.

Ведомство қарамағына облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 15 мемлекеттік мұражай мекемесі кіреді. Оның 13-і аудан орталықтарында орналасса, 2-еуі – Петропавл қаласында. Облыстың ұлттық мұрағаттар қорында түрлі тасымалдаушыларда 1,5 миллионға жуық құжаттамалар сақталған.  

Облыстық кітапханалар тұрғындардың 35 пайызына қызмет көрсетіп келеді. Бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғаюда. Өңірдегі кітапхана қоры 3 миллионнан астам басылымды құрайды. Оның 21 пайызы – мемлекеттік тілде.

Халық шығармашылығы да кеңінен насихатталып келеді, деді Рүстем Елубаев. Облыстық халық шығармашылығы және мәдени- демалыс қызметі орталығы 24 мың көрерменді қамтыған 25 концерттік бағдарлама өткізген.

Өңірімізде тарихтан сыр шертетін ескерткіштер де аз емес. Баспасөз конференциясы барысында оларды сақтау мәселесі де көтерілді. Осыған қатысты тілшілердің сұрағына жауап берген басқарма басшысы биылғы жылы Янгуразов көпестің үйінде қайта жаңарту жұмыстары жалғасатындығын жеткізді. Облыс орталығында орналасқан аталмыш тарихи ескерткішті жөндеу жұмыстары 2015 жылы діттеледі. Сондай-ақ, “Қарасай мен Ағынтай” мемориалдық кешеніне де биыл жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Өңірімізде 3 театр бар. Олардың жұмысын баян еткен ведомство басшысы облысымызда үстіміздегі жылдың 5 айында 57 қойылым көрсетіліп, оны 5 мыңға жуық көрермен тамашалағанын айтты. Биылғы театр маусымында 7 жаңа қойылым сахналанған.

Мәдени нысандар бой көтеріп, ескерткіштер орнатылып, түрлі мәдени іс-шаралар өткізілгенімен, мәдениет саласына қатысты әлі де шешімін таппаған мәселелер жетерлік. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ғимараты ескі болғандықтан, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Жиын барысында осы мәселе де көтерілді. Театрға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жобалау-сметалық құжаттар дайын болған соң жасалатындығын мәлім еткен Рүстем Елубаевқа тілшілер мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы жайын білмек болып, сұрақ қойды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында мәдениет саласының қызметкерлерінің еңбекақысы 10 пайызға көбейтілгенін айтқан басқарма басшысы 2015 жылы барлық мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 15 пайызға ұлғайтылатындығын да жеткізді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp